07 сәу, 2021 сағат 11:21

Еліміздегі 171 елді мекенді су басу қаупі сейілген жоқ - министрлік

Еліміздің 6 өңірінде 43 мың тұрғыны бар 171 елді мекенде су басу қаупі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығы Рустамбек Әмрин айтты. 

«Елдің оңтүстік өңірлерінде су тасқыны қаупі азайды. Сонымен қатар, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарының тауларында қар әлі көп. Оның белсенді еруі тау өзендерінде су тасқынына әкелуі мүмкін. Ауа райы жағдайына байланысты Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарының 171 елді мекенін су басу қаупінің жоғары деңгейі сақталуда. Ол мекендерде 43 мыңнан астам адам тұрады», - деді министрлік өкілі.

Ведомство маманы айтып өткендей, 7 сәуірдегі жағдай бойынша Ақмола, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қостанай облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында су басу жағдайлары болды. Соның салдарынан 15 елді мекенде көшелер мен аулаларды, 3 тұрғын үйді су алған. 

«2021 жылдың 1 сәуірінен бастап ТЖМ ахуалдық орталығында республикалық жедел штаб жұмыс істеуде. Мұндай штабтар Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында да іске қосылған. Су тасқынына байланысты мәселелер туындаған жағдайда ТЖМ жедел штабына 559637, 323286 телефондары, сондай-ақ 112 бірыңғай нөмері бойынша хабарласуға болады», - деді Рустамбек Әмрин.