18 сәу, 2023 сағат 11:58

Елімізде соңғы үш жылда 270 әскери қызметші қаза тапқан

© Sputnik / Тимур Батыршин

Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев еліміздегі әскерилер арасындағы суицид мәселесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылдан бастап елімізде 270 әскери қызметші қайтыс болды: 2020 жылы – 78 әскери қызметші, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 85, 2023 жылы – 11. Өлім жағдайларының ең көп тараған себептеріне тоқталсақ, ауырып қайтыс болу – 36%, көлік апатының салдары – 24%, суицид – 20%.

Алайда өз-өзіне қол салу жағдайы бәрімізді алаңдатып отыр. Суицид профилактикасын талдау нәтижесі әскеріміздің қоғамның бір бөлігі ретінде жағымсыз жағдайға тәуекелі барын көрсетті», - деді Қазиев Сенатта әскери қызметшілердің денсаулығына қатысты мәселені талқалау кезінде.

Оның айтуынша, түрлі мәліметтерге сәйкес, халық арасындағы суицид деңгейі бойынша Қазақстан әлем елдері арасында 20-орында, ал жасөспірімдер арасында үштікке кіреді.

«Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2018-2022 жылдары елде 17 631 суицид және 21 332 өзіне қол салуға оқталу жағдайы тіркелген, яғни 10 000 азаматқа шаққанда 9 суицид және 11 өз-өзіне қол салуға талпыну әрекеті тіркеліп отыр. Олардың арасында 86 суицид және өзіне қол салуға оқталудың 20 дерегі әскерде болған. Яғни 10 мың әскери қызметшіге шаққанда 6 суицид және 1 өз-өзіне қол салуға оқталу әрекетінен келеді. Демек, қоғамдағы өз-өзіне қол салу көбінесе әскерде болады деген пікір ресми мәліметтермен расталмай отыр. Бұл ретте денсаулықты қорғау мен профилактикасы бойынша уәкілетті орган Денсаулық сақтау министрлігі екенін атап өткен жөн», - деді Мақсат Қазиев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ДДСҰ статистикасына сәйкес, Қазақстан суицид саны бойынша 20-орында тұр.