29 қаң, 2021 сағат 08:35

Елімізде мүгедектердің құқығын ескермейтін 886 объекті анықталды

2020 жылы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің өңірлік департаменттері 886 объектіде мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

2020 жылы мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, мәдениет және көліктік қызмет көрсету салаларындағы объектілерде бұзушылықтарды анықтау бойынша 970 бақылау іс-шарасы өткізілді. 

Оның ішінде 886 объектіде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаны қамтамасыз ету тұрғысынан тексеру жүргізілді. 

Бұл ретте 604 тексеру жоспарлы профилактикалық бақылау және 282-сі жоспардан тыс, яғни азаматтардың берген өтініштері негізінде жүргізілді.

Тексеру нәтижесінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және оларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында анықталған бұзушылықтарды жоюға 699 нұсқама берілді.

Оның 86-сы бойынша жалпы сомасы 21,2 млн теңгеге әкімшілік айыппұлдар салынды.

Қазақстанда барлығы 35 158 әлеуметтік инфрақұрылым объектісі бар, оның ішінде 34 784 объектіде 2020 жылы жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаны ұйымдастыру тұрғысынан паспорттау жүргізді. 

Айта кету керек, паспортталған 25 777 (75%) объект бейімделуге тиіс. Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша оның 25 711-і бейімделген.