16 ақп, 2018 сағат 13:01

Қазақстан халқының саны қаншаға жетті?

2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша еліміздегі халық саны 18 157,1 мың адамға жетті. Соның ішінде қалалықтар - 10 426,5 мың адам (57,4 пайыз), ауылдықтар - 7 730,6 мың адам (42,6 пайыз), - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, бұл көрсеткіш 2017 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда 231,2 мың адамға немесе 1,3 пайызға өсті.

"АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2017 жылғы қаңтар-желтоқсанда туылғандар саны - 390,5 мың адам. Бұл 2016 жылғы қаңтар-желтоқсанға қарағанда 4,7 пайызға аз. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 21,65", - делінген министрліктің хабарламасында.

Сондай-ақ, 2017 жылғы қаңтар-желтоқсанда республика халқының табиғи өсімі 2016 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 17,0 мың адамға немесе 6,1 пайызға кеміп,  260,5 мың адамға жеткені айтылады. Ведомство мәліметінше, табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 14,44 адамға тең болды.

Ал қайтыс болғандар саны жайлы мәліметке қарағанда, өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 7,21 адам.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2017 жылғы қаңтар-желтоқсанда республикада 1 жасқа дейінгі 3150 нәресте өлімі тіркелді.

"2016 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда  1 жасқа дейінгі шетінеген нәресте саны 10,6 пайызға азайды. Нәресте өлім-жітімінің негізгі себебі - перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар, бұдан 2017 жылғы қаңтар-желтоқсанада 1586 нәресте қайтыс болып, нәрестелер арасындағы жалпы өлім санының 50,3 пайызға құрады. Туа біткен ауытқулардан 731 немесе 23,2 пайызға, тыныс органдары ауруларынан -195 немесе 6,2 пайызға және жазатайым жағдайдан, уланудан және жарақаттан - 168 немесе 5,3 пайызға нәресте қайтыс болды.  2017 жылғы қаңтар-желтоқсанда нәресте өлім-жітімінің коэффициеті 1000 туғандарға шаққанда 8,07 болды", - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2017 жылғы қаңтар-желтоқсанда елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 2016 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 20,5% көбейіп, 16 081 адам құрады. Елімізден кеткен көшіп-қонушылардың тіркелу саны 7,8 пайызға көбейіп,  37 704 адам болды, көші-қонның айырымы -21 623 адам.

Сондай-ақ, еліміздегі негізгі көші-қон алмасуының ТМД мемлекеттерімен екені айтылады.

- ТМД елдерінен келгендердің үлесі - 72,1 пайыз;

- ТМД елдерге кеткендердің үлесі - 89,4 пайыз.

"Өңіраралық көшіп-қонушылардың үлесіне еліміздің жалпы ішкі көшіп-қонушылар санының 35,4 пайызын алды. Өңіраралық көші-қонның оң айырымы:  Астана қаласы - 36 449 адам; Алматы қаласы - 31 775 адам; Ақмола облысы - 1 544 адам қалыптасты", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.