Қазақстанда соңғы 5 жылда ірі қара мал басы 23,3 пайызға өсті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2019 жылы ет өндіру көлемі (сойыс салмағында) 5,8 пайызға ұлғайып, 1,1 млн тоннаны құрады. Ет өндірісінің ұлғаюы ауыл шаруашылығы жануарлары санының өсуіне байланысты болды. Соңғы 5 жылда ірі қара мал басы 23,3 пайызға өсіп, 7,4 млн басты құрады, ұсақ мал 6,6 пайызға артып, 19,1 млн басты, жылқы 45,8 пайызға артып, 2,8 млн басты құрады», - деді министрі Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.
Оның сөзіне қарағанда, саланың құрылымы да өзгеруде. 2014 жылы ұйымдастырылған шаруашылықтардағы ірі қара мал басының үлесі 35,1 пайыз болса, қазір 44,9 пайызды құрады.
«Жалпы, ет бойынша қамтамасыз ету көлемі 85 пайызды құрады. Бұл ретте «қызыл ет» (сиыр еті, қой еті, жылқы еті және шошқа еті) бойынша импорт үлесі жалпы тұтыну көлемінің 5%-ынан аспайды. Өңдеуге тек мұздатылған ет ғана әкелінеді.
Құс еті бұған кірмейді, ол бойынша ішкі тұтынудағы импорт үлесі 44,7%-ды құрайды. Атап айтқанда, ФАО (БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) сыныптамасы бойынша тұтыным 80 пайызға отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілген жағдайда ғана азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі», - деді Сапархан Омаров.