27 мам, 2021 сағат 12:06

Елімізде Еңбек ұлттық жобасы әзірленіп жатыр


Елімізде Еңбек ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Министрлік Қазақстан Республикасы Ұлттық даму жоспарының бірінші жалпыұлттық басымдығы - әділ әлеуметтік саясатының негізгі ұлттық индикаторларына, сондай-ақ Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасының міндеттеріне қол жеткізу үшін қазіргі таңда Еңбек ұлттық жобасын әзірлеп жатыр. Басты міндеттердің бірі – еңбек ресурстарының дағдыларын дамыту, оқыту. Еңбек ресурстарының дағдыларын дамыту, оқыту 4 жобаны қамтиды. Атап айтқанда, жұмыс берушілердің қалауы бойынша сұранысқа ие мамандықтарға оқыту; тәлімгерлікпен бірге және жалақыны субсидиялау арқылы жұмыс орнына оқыту; электронды еңбек биржасында және өңіраралық оқу орталықтарында онлайн оқыту курстарын ұйымдастыру; жетекші ІТ-орталықтарын тарта отырып, болашақтың ІТ-мамандықтарын дайындау. Былтыр экономикамызға ІТ-мамандарының аса қажет екендігін көрсетіп берді», - деді вице-министр Мәжілісте жұмыскерлерді қайта оқыту және олардың дағдыларын тұрақты жетілдіру жөніндегі жаңа тәсілдерге арналған дөңгелек үстел отырысы барысында. 

Оның атап өтуінше, алдағы 5 жылда 210 мың адамды оқумен қамту жәе олардың жұмысқа орналасу көрсеткішін 80 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. 

«Осылайша, министрлік мүдделі органдармен бірлесіп, білім және дағдылар алу тетіктерін жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс істеп жатыр», - деді Ержан Біржанов.