28 қаң, 2021 сағат 12:35

Электронды еңбек биржасында 1 млн-ға жуық бос жұмыс орны ұсынылған

Өткен жылы электронды еңбек биржасында 925 мың бос жұмыс орны орналастырылды, бұл 2019 жылғы (831 мың) көрсеткіштен 11% артық. Бұл ретте өткен жылы білікті қызметкерлерге арналған 600 мың бос жұмыс орны болды. 2019 жылы білікті еңбекке деген қажеттілік 590 мыңды құрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Орналастырылған түйіндемелердің саны 2020 жылы 630 мың болды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10% артық (2019 жылы - 570 мың). Орналастырылған бос жұмыс орындарының 367 мыңы білікті еңбекті қажет етеді (2019 жылы - 359 мың). 

«Өткен жылы ел бойынша бос жұмыс орындары түйіндемелерге қарағанда орта есеппен 300 мыңға жуық артық болды. Оның 233 мыңға жуығы – білікті еңбекті қажет ететін бос жұмыс орындары. Алайда, өңірлер тұрғысынан Қызылорда, Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында түйіндемелердің саны бос жұмыс орындарының санынан сәл асып кеткенін атап өтуге болады», – деп хабарлады «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.

Экономика салалары бойынша бос жұмыс орындарының ең көп саны (185,8 мың) құрылыс секторында болды. 

Бұдан басқа, білім (139 мың бос жұмыс орны), сауда (88 мың), ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау (73 мыңнан) салаларында, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде (71 мың) үлкен қажеттілік байқалды.

2020 жылы білікті жұмысшылар арасында ең сұранысқа ие - орта мектеп мұғалімдері, құрылысшылар-монтажшылар, сондай-ақ жеңіл автомобильдер мен такси жүргізушілері болды.

«ТОП-3-те Қостанай облысынан, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан басқа өңірлер бөлінісінде орта мектеп мұғалімдері атап өтілді. Монтажшы-құрылысшылар бойынша да ұқсас жағдай –Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында ғана оларға сұраныс жоқ. Сонымен қатар, өңірлерде жеңіл автокөліктердің жүргізушілері, бойлер мен бу машиналарының операторлары, дүкендердегі супервайзерлер мен сатушылар, сондай-ақ күтім көрсетуші орта медициналық персонал сұранысқа ие», – дейді Дмитрий Шумеков.

Сонымен бірге, жарияланған түйіндемелердің көп бөлігінің орта мектеп мұғалімдеріне, монтажшы-құрылысшыларға және ұқсас жұмысшыларға, жеңіл автокөлік жүргізушілеріне, бойлер мен бу машиналарының операторларына, супервайзерлер мен дүкендердегі сатушыларға, сондай-ақ күтім көрсетуші орта медициналық персоналға қатысты болуы осы мамандықтар бойынша тапшылықтың болуы жағдайын өзгертпейді.

Осылайша, түйіндемелер санынан бос орындар санының жиынтық артуы құрылыс саласында едәуір байқалады және құрылысшы-монтажшылар бойынша – 16,8 мың бірлікті, дәнекерлеушілер мен газ кескіштер бойынша – 9,7 мың бірлікті, бетоншылар бойынша – 6,3 мың бірлікті, кран, көтергіш операторлары мен ұқсас құрылымдардың оператолары бойынша – 5,8 мың бірлікті құрады.

Сонымен қатар, еңбек нарығындағы тапшы мамандықтарға орта мектеп мұғалімдері (бос орындар саны түйіндемеге қарағанда 9,3 мыңға көп), сатушылар (8,9 мыңға), күзетшілер (8,5 мыңға), сондай-ақ күтім көрсетуші орта медициналық персонал (7,7 мыңға) жатады.

Өз кезегінде, еңбек нарығында заңгерлер (5,8 мың бірлікке артық), кең бейінді офис қызметкерлері (3 мың), қаржы мәселелері жөніндегі консультанттар (1,8 мың), талдаушылар мен зерттеушілер (1,7 мың) артық болып отыр.

Бұдан басқа, 2020 жылы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі кәсіпқой мамандардың (2,3 мың), өнеркәсіп пен өндірістегі техниктердің (1,8 мың), техник-электрониктердің (1,8 мың), сондай-ақ құрылысшылардың бригадирлерінің (1,6 мың) артық саны қалыптасқан.