«Болашақ» стипендиаты Нұржан Сейілхан есімді жас талап – Ұлыбританияның Бирмингем университетінің студенті. Жоба менеджменті мамандығы бойынша білім алып жатыр. Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының тумасы. Қыркүйек айынан бастап, білімін шетелде тереңдетіп жатқан кейіпкерімізбен қашықтан əңгімелесіп, ойларын жазып алған ек. Ендеше, Нұржан шетелде тәлім алып жатқан қазақ баласының сөздері кейінгі жасқа ой салар деп жазбаша нұсқада ұсынып отырмыз.
– Өткен жылдың маусым айында «Болашақ» бағдарламасының стипендианты екенімді білдім. Қыркүйек айынан бастап елден жырақта оқып жүрмін. Мен тұрақтаған Бирмингем – Ұлыбританияның астанасы Лондоннан кейінгі екінші ірі қала. Қала аттас университетте «жоба менеджменті» мамандығы бойынша білім алып жатырмын.
«Болашақ» бағдарламасы маған қол жетпейтін армандай болып көрінетін. Бала күнімде шетел көруді қатты армандадым. Орындалуы екіталай деп ойлайтынмын. Өзімнің араласатын достарым «Болашақпен» шетелге кетіп жатты. Мені «оятқан» да солар. Шетелден білім алып келіп жатқан таныстарым мен достарымды көре бастағанда алдыма мақсат қойдым. Біз тапсырған жылы «екі жыл еңбек өтілің болуы керек» деген талап болды. Университетті бітіріп, екі жыл Атырау қаласындағы «Қашаған» компаниясына жұмысқа тұрдым. Екі жыл дайындалдым десем өтірік емес. Əр нəрсенің өз қиындығы бар. Стипендия иегері болу оңай емес (күліп). Елімізге қажетті мамандықтардың бірі бойынша оқып жатырмын. Менеджмент саласында қызмет атқарғандықтан осы мамандықты таңдадым.
Бұл бағдарламада бірнеше санат бар. Мен өз бетімен түскендер санатын таңдадым. Ең қиыны – осы. Өйткені аталған санат бойынша ешқандай тілдік курс өткізілмейді. Ағылшын тілі деңгейін бағалайтын халықаралық IELTS емтиханын тапсырып, қажетті балды жинап, шетелдік университетке өзің құжаттар тапсырып, сол жақтан шақырту алуың қажет. Ағылшын тілін жақсы білетінмін. Өзім шетел тілдері факультетінде оқыдым, оның үстіне АҚШ-та 4 ай жұмыс істеген тəжірибем бар. IELTS-қа екі-үш ай дайындалып, Астана қаласында емтихан тапсырдым. Қаңтар айында Британия университеттеріне құжаттарымды өткізіп, эсселерімді онлайн жібере бастадым. Барлығы жеті университетке тапсырып, алты жоғары оқу орнынан шақырту алдым. Осы шақыртумен жəне қажетті құжаттармен мамыр айында «Болашақтың» конкурсына жібердім. Бір айдың ішінде республикалық комиссияның отырысында жарияланған тізімнен атымды көргенде қатты қуандым.
Керек кеңес
Шетелде білім алудың мүмкіндігі жалғыз «Болашақ» бағдарламасы емес. Елден жырақта білімімді жетілдіремін десең, түрлі білім бағдарламалары бар. Тек ағылшын тілін жақсы білуің керек. Тіл – мүмкіндіктің кілті. Мен қарапайым ғана Байғанин орта мектебінде білім алдым. Шолпан Дəулетова жəне Күлəш Мениязова деген апайларым сабақ берді. Қырық бес минуттан тыс өз бетіммен тіл үйрендім. Еңбек етіп, тер төккен адамның шығар биігі жоғары екенін жас достар түсінсе деймін.
БІР ҮЙДЕ БЕС ҰЛТ
Арманымның орындалғанына балаша қуандым. Өмірім басқа арнаға ауысты. Жазда шетелге кеттім. Елде жүріп-ақ тұрақтайтын пəтерімнің мəселесін шешіп тастадық. Қазіргі мен тұрып жатқан үйде бұрын екі қазақ қызы тұрған. Солар арқылы байланысып, келісіп алдық. Жанымда қазақтар бар. Бір үйде бес ұлт өкілі тұрады. Германия, Дания, Зимбабве жəне Ливия елдерінен келген достарымыз бар. Бұл жақта өмір сүру қиын емес. Америкада төрт ай тұрып келгендіктен, Англияны жатырқамадым. Қаражаттан ешқандай қиындық көрген жоқпын. Дегенмен, мүмкіндігінше үнемдеу керек. Тамақты үйден жасаған тиімді əрі дəмді болады (күліп).
Шетелден үйренеріміз көп. Еліміздің баяу дамып жатқаны жырақта жүргенде қатты білінеді екен. Өмірлік тəжірибе жинақтадым. Мамандығым бойынша да біраз керекті дүниелерді алдым. Шетелдіктердің білімге қояр талабы өте қатал. Бір байқағаным, өз бетімен білім алуға көбірек көңіл бөледі. Университеттің мұғалімдері лекцияны оқып кетеді, əрі қарай өзің оқисың. Шетелдің білім саласы студенттердің сұранысын қанағаттандырады. Оларға барлық жағдайды жасап қойған. Ғимараттар, оқу залдары мен кітапханалар жаңа технологиямен жабдықталған. Шетелде ағылшын тілін жақсы білсең, қиындық тумайды. Өйткені, барлық сабақты ағылшын тілінде оқисың. Мұнда міндетті түрде беделді жоғары оқу орнында білім алу керек деген қағида жоқ. Ал «Болашақ» бағдарламасы əлемнің «сен тұр, мен атайын» деген білім ордаларымен келісім-шарт жасасқан. Қазіргі мен білім алып жүрген University of Birmingham білім ошағы дүниежүзіне белгілі əрі беделді оқу орны.
«РАХМЕТ» пен «КЕШІРІҢІЗ» – КҮНІНЕ МЫҢ РЕТ
Тұманды Альбион – кез келген жағынан дамып жатқан жер. Ертеректегі империя болғандықтан, ғылым мен білім саласы, мəдениет пен тұрмыс деңгейі, денсаулық ахуалы бізден əлдеқайда жоғары. Күн сайын дамып жатқанының құпиясы халықтың бір-біріне деген ілтипатынан да болуы мүмкін. Сенесіз бе, олар күніне мың рет «рахмет» пен «кешіріңізді» айтады. Халқының ішкі мəдениеті өте жоғары. Бізге үлгі болар тұстары көп. Біз алдымен ішкі мəдениетімізді дамытуымыз керек. Адал еңбекпен нан тапсақ игі еді. «Əкеміз» бен «көкеміз» азайса екен деймін. Сонда ғана дамитын боламыз. Экономика əлсіреп тұр. Оның да еліміздің дамуына зияны бар.
Жазып алған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА