19 қаз, 2021 сағат 15:05

Елде тағы 1387 адамнан коронавирус анықталды, 53 адам қайтыс болды


Кеше, 18 қазанда Қазақстанда 1387 адамнан коронавирус індеті ПТР тест арқылы анықталды. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда 255 адамға аз. Денсаулық сақтау министрлігі індеттің бәсеңдегенін айтады. 20 қазаннан бастап елде карантин жеңілдеп, бірқатар нысанның жұмыс уақыты ұзартылмақ. 

Өткен тәулікте Алматы қаласынан (250 адам) басқа өңірлерде 200-ден аз науқас тіркелген. Ең төменгі көрсеткіштер - Түркістан (7 адам) мен Маңғыстау облыстарында (7 адам). 

2020 жылы наурыздан бері Қазақстанда 919 мың адам коронавируспен, 78 мың адам коронавирус инфекциясы бар пневмониямен ауырып, коронавирустан – 11 797 (17 қазанда 46 адам қайтыс болған), пневмониядан 4969 адам қайтыс болған (17 қазанда 7 адам қайтыс болған).

Екі күн бұрын 9 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан.


19 қазандағы мәлімет бойынша, 52 225 адам коронавирус инфекциясынан (–45 706 + және 6 519 КВИ-) емделіп жатыр. Олардың ішінде 9 130 пациент стационарда, 43 095 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:

627 адамның жағдайы ауыр,

168 пациенттің жағдайы өте ауыр,

96 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.

Қазақстанда 7,1 миллион адам коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын алған. 900 мың адам екінші дозасын күтіп отыр. 18 бен 65 жас аралығындағы адамдарға Ресейдің "Спутник V" (қазір оны Қарағандыда өндіреді), Қазақстанның QazVac, Қытайдың Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген Hayat-Vax пен Қытайда өндірілген Vero Cell екпесі, сонымен бірге тағы бір қытайлық Sinovac компаниясының CoronaVac екпесі салынып жатыр.