08 қыр, 2021 сағат 17:50

Елде эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануы байқалады - Шоранов


Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп тұрақтануы байқалады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Пандемия басталғаннан бері әлемде коронавирус инфекциясының 220 млн-нан астам жағдайы тіркелді, өкінішке орай 4,5 млн-нан астам адам қаза болды. Қазақстанда, 8 қыркүйекте коронавирустың оң нәтижесімен 824 мыңнан астам және коронавирустың теріс нәтижесімен 71 мыңнан астам жағдайы тіркелді. КВИ-мен ауыратын науқастардың шамамен 88 пайызы, оның ішінде КВИ-ге оң нәтижемен 734 мыңнан астам науқас және КВИ-ге теріс нәтижемен 59 мыңнан астам науқас сауығып шықты», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның атап өтуінше, эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес, Қазақстан Республикасы және елдің 12 өңірі «қызыл» аймақта орналасқан. Соңғы аптада «сары» аймаққа 4 облыс ауысты. Бұл – Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары. «Жасыл» аймақта Түркістан облысы тұр. 

«Соңғы 2 аптада Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп тұрақтануы байқалады. Тамыз айымен салыстырғанда сырқаттану деңгейі 1,4 есе төмендеді», - деді Марат Шоранов.