11 мам, 2021 сағат 21:10

Елбасы Түркістандағы «Farab» кітапханасын аралап көрді



Елбасы Түркістандағы облыстық «Farab Library» ғылыми әмбебап кітапханасына барды, деп хабарлайды Elbasy.kz сайты.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті кітапханадағы роботтандырылған техника зертханасының жұмысымен танысты, сондай-ақ сирек кітаптар мен манускриптер бөлімін көрді.





Айта кетейік, «Farab Library» кітапханасы – заманауи құрылғылармен және озық технологиямен жабдықталған көпфункциялы білім беру кешені. Бұл жерде 480 мың кітапқа арналған кітап сақтау орны, цифрландыру, консервациялау және реставрациялау зертханасы, 400 адамға арналған дәріс залы, көрме атриумы, FabLab цифрлы шеберханасы, музыкалық зертхана, фото және видеотүсірілімге арналған мультимедиа залы, 3D модель жасайтын проекция залы, каллиграфия және қыш өнері студиясы, конференция өткізуге лайықталған залы бар коворкинг, компьютер сыныбы, сирек кітаптар мен манускриптер залы орналасқан.



Ауданы 2 600 шаршы метрлік үш қабатты ғимараттың сәулеті кітап беттеріне ұқсас етіп салынған.

«Кітапхана басқарушы компанияға берілген. Онда алаңсыз кітап оқып, адам рухани жағынан өз өзін дамытуға мүмкіндік мол. Оқырмандар үшін кітап оқу тегін. Балалар бұл жерде өздерін жан-жақты дамыта алады. «Farab кітапханасы» туристік орталықта орналасқан. Ата-аналар осы аралықта балаларын кітапханадағы қызметкерлерге алаңсыз қалдыра алады. Оларға ақылы түрде өте жоғары деңгейде қызмет түрлері көрсетіледі», - деді кітапхананың директоры Айко Төкен.