16 қар, 2016 сағат 09:52

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына үш ұсыныс

Құрметті Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мырза!

Армысыз халқымыздың қадірлі азаматы, Нұреке?!

Ең әуелі замандас ретінде, жаратушы бір Алладан деніңізге саулық  тілеймін. «Мың өліп, мың  тірілсе де» салмақты да сабырлы, аңқау қалпынан танбаған жұртымыздың келешегі мен Тәуелсіздігіне жауап берер аманатыңыздың  аса  ауыр екені әмбеге аян! Зымыраған уақыта да тоқтау жоқ. Міне, ширек ғасыр, яғни 25 жыл өте шығыпты.

Бұл жолы Сізге мемлекетіміздің келешегі үшін ауадай қажет 3 түрлі мәселені ұсына отырып, ақылдасқанды жөн санадым ;

Бірінші, - біздер ондаған жылдар бойы айтып келе жатқан « ...Іленің суы азайып, Балқаштың тартылып»  бара жатқанына қатысты ұсыныс?!

Алатаудың Алматы жағындағы бетінде үлкенді-кішілі 800-ге тарта көл бар. Міне осы көлдердің зәмзәмдай таза сулары жаз бойы буланып аспанға ұшып жоқ болуда?!. Осыны ғылыми зерттей отырып, пайдаланудың жолын  тапсақ... Қытайға да, қырғызға да жалынышты болмас едік. Ол үшін осы көлдерді 1-1,5 метр тереңдіктен Алматының үстінен ағып жатқан сегіз өзенге қоссақ, біріншіден жылда қауіптенетін селден құтылар едік. Екіншіден,  Алматы маңынан жасанды 8 көл жасап, балық пен орман  шаруашылығын  дамытуға жол ашылар еді. Үшіншіден, тартылу қаупі төнген Балқаштың суын молайтар едік. Бұл жайында былтыр Алматының жас әкімі Бауыржан Байбектің қабылдауында болып айтқан едім...

Ал Жетісудағы  43 өзенді қосу арқылы Балқашты теңізге айналдырып, бүкіл Қазақстанның экологиясын түрлендірудің қажеттігін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа БАҚ арқылы хабарлағанмын. Осы идеяны өзіңізге жеткізуді жөн көрдім...

Екінші ұсыныс. Сіздің айтқан: «2020 жылы Қазақстан азаматтарының 90%-ы  мемлекеттік тілдесөйлейді» деген тұжырымды іске асыру механизімін ұсынамын. Ол үшін биыл дайындалып, 2017-ші жылдың қыркүйегінен бастап енгізілетін Білім реформасын өзгертіп, мемлекет қаржыландырып, отырған бүкіл мектептердің 1-ші сыныптарынан бастап барлық пәндерді түгелдей мемлекеттік тілде жүргізу керек. Сонда, өзіңіз айтқан «Қазақстан халқының бірлігі - қазақ тілінде» деген ұлағатты сөз іс жүзінде жүзеге аса бастайды.

Үшінші ұсыныс. Мен ұсынып жүрген «Ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімін» мемлекеттік деңгейде Өзіңіздің басшылығыңызбен қолданысқа енгізуіміз қажет. Бұл ілімнің пайдасының дәлелі – осы технологиямен өмірге келген республикамыздағы 2 000-ға тарта бүлдіршін бола алады. Өзіңізге жақсы таныс  бала Жамбыл – осы ілімнің жемісі. Егер мүмкіндік болса, өзіңіздің қабылдауыңызда болып, бұл жайында толық мағұлымат берер едім...

Ел-жұртымызға қажет осы ұсыныстарды жолдаушы:

Жазушы-ғалым, Медицина және Педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, академик Совет-Хан  Ғаббасұлы

Ұлт порталы