Қытай Халық Республикасының Халық жиналасы үйінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін тату көршілік қарым-қатынасты ілгерілетуге және жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Достық» орденімен ресми марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
– Мен 1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап тәуелсіз Қазақстанның Қытаймен ынтымақтастығын дамыту және нығайту жолында жұмыс істеп келе жатқанымды атап өткім келеді. Сіздердің мемлекеттеріңізбен өзара сенімге және тату көршілікке негізделген қатынастар орнатқанымызға қуаныштымын. Біздің ынтымақтастығымыз үлгі тұтарлық. Елдеріміз өңірде және жаһандық деңгейде бейбітшілікті, трақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру үдерісіне және оның жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру ісіндегі маңыздылығына тоқталды.
– Қысқа мерзім ішінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасы әлемдік табысты жобалар қатарына енді. Си Цзиньпин мырзаның бәрімізді бірігуге бастайтын даму идеясы бүгінгі сын-қатерлерге тиімді жауап ретінде қалыптасты. Қытай ұсынған халықаралық ынтымақтастықтың жаңа платформасы Азия, Еуропа және Африканың көптеген елдерінің дамуында аса маңызды саяси, экономикалық және мәдени рөл атқаруда, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы «Бір белдеу, бір жол» екінші халықаралық ынтымақтастық форумы өзара тиімді қарым-қатынасты дамыту мәселелеріне арналған маңызды басқосуға айналғанын айтты.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті, сондай-ақ, екі елдің экономикалық жобаларды іске асыруға бағытталған бірлескен жұмысының нәтижелеріне тоқталды.
– Осы мүмкіндікті пайдалан отырып, Сізді, Төраға Си Цзиньпин, Қытай Үкіметін және халқын «Бір белдеу, бір жол» форумын табысты өткізулеріңізбен құттықтаймын. Қытайлық ерекшелігі бар «жаңа дәуір» социализмін құру және «қытай арманын» жүзеге асыру жөніндегі барлық мақсаттар мен міндеттер Сіздің және Қытай Коммунистік партиясының басшылығымен орындалады деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қытай мемлекетінің басшылығы мен халқына көрсеткен қонақжайлығы мен марапаты үшін ризашылық білдірді.
– Қазақстан мен Қытайдың жан-жақты стратегиялық серіктестігі халықтарымыздың игілігі жолында одан әрі нығая береді деп үміттенемін. Сізге аса жауапты мемлекеттік қызметіңізде – жаңа жетістіктер, ал достас Қытай халқына бақ-береке тілеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанның Тұңғыш Президентінің екі жақты қатынастарды нығайтуға қосқан үлесіне тоқталып, Елбасының халықаралық ынтымақтастықты дамыту ісіне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
– Бүгін біз Қытай халқының нағыз досы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қытай Халық Республикасының жоғары сыртқы марапаты – «Достық» орденін ресми табыс ету рәсімін өткізіп отырмыз. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл әлемде зор беделі бар. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің негізін қалап, осы қатынастарды әрдайым дамытып келеді. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрып, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске бастамашы болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті өзінің саяси көрегендігінің арқасында осы ұйымдарды дамытып, өңірлік және жаһандық деңгейде бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауға зор үлес қосып келеді, – деді Си Цзиньпин.