ЕҚЫҰ жанындағы АҚШ мисссиясы 2022 жылдың 20 қаңтарында Венада Қазақстандағы ахуал талқыланған ұйымның Тұрақты кеңесі отырысындағы мәлімдемесін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ЕҚЫҰ жанындағы АҚШ-тың тұрақты өкілі, Елші Майкл Карпентер қаңтардағы оқиғалар кезіндегі адамдардың өліміне байланысты қазақстандықтарға көңіл айтып, Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігіне әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтті.
«Қазақстан халқының және оның конституциялық құрылымының беріктігіне, сонымен қатар олардың осынау дағдарыстан оңалуға қабілетті екендігіне сенеміз», - деп атап өтті америкалық дипломат.
М.Карпентер АҚШ Мемлекеттік хатшысы Э.Блинкеннің сөзіне сүйене отырып, Вашингтон Қазақстанмен серіктестіктен айнымайтындығын және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған реформаларға қолдау көрсететіндігін қуаттады.
Америка өкілі қазақстандық билікті тергеулердің ашықтығын қамтамасыз етуге және қажетті құқықтық процедураларды сақтауға, сондай-ақ бейбіт жолмен өздерінің наразылығын білдірушілер мен зорлық-зомбылыққа, тонауға қатысушылар арасын саралауға, ұсталған тұлғалардың барлық санаттары үшін тиісті құқықтық процедураларды қамтамасыз етуге шақырды. Үкімет пен азаматтық қоғамның бейбіт элементтері арасындағы сындарлы диалогтың маңыздылығы айтылды. Азаматтардың бейбіт жиналыстарды еркін жүзеге асыру, БАҚ-қа құрмет таныту және бостандығын қолдау маңыздылығы ерекше аталып өтілді.
«Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда ұлтқа арнаған үндеуінде атап өткеніндей, Қазақстанмен маңызды экономикалық, саяси, білім беру және экологиялық мәселелер бойынша серіктестігіміздің жалғасуын тағатсыздана күтеміз», - деп атап өтеді АҚШ Елшісі.
Оның атап өтуінше, Қазақстандағы ЕҚЫҰ өкілдігі қоғам тұрақтылығын нығайту және реформаларды ілгерлетуге жәрдемдесу үшін пайдалы құралдарға ие.