Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының бақылаушылары миссиясының басшысы Уршула Гацекті қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Әңгімелесу барысында Қазақстандағы кезектен тыс өткізілетін президент сайлауына қатысты Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының миссиясы жүргізетін мониторинг мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы алдағы сайлаудың заңнамаға сәйкес ашық және әділ өтетінін атап өтті.
Уршула Гацек Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездескені үшін алғыс айтып, халықаралық бақылаушылар қызметінің басталғаны жөнінде мәлімдеді. Сонымен қатар, Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясының өкілдері сайлау үдерісіне мониторинг жүргізуге кіріскенін және Қазақстанның барлық өңірлерінде белсенді жұмыс істеп жатқанын айтты.
Сондай-ақ, ел президенті БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчамен кездесті.
Мемлекет басшысы кездесу барысында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы өзара іс-қимылдар мен серіктестікті нығайту ісіне қосқан жеке үлесін атап өтті.
– Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастық мәселесі біздің саясатымыздың басым бағыттарының бірі. Бас хатшы Антониу Гутерришке ыстық сәлемімді жолдаймын және еліміздің халықаралық бастамаларына қатысты жемісті ынтымақтастығы мен көрсеткен қолдауы үшін ризашылық білдіремін, – деді Қазақстан Президенті.
Тараптар өңірлік жобаларды жүзеге асырудың перспективаларын, сондай-ақ, қазақстандықтардың БҰҰ аясындағы бітімгерлік миссиясына атсалысу мәселелерін талқылады.
– Біз өңірлік ынтымақтастық мәселелеріндегі Қазақстанның белсенді ұстанымын жоғары бағалаймыз. Сіздердің елдеріңіздің іске асырып жатқан Орнықты даму мақсаттарына қолдау көрсету біз үшін маңызды. Президент мырза, Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа ғимараты ашылғаны үшін Сіздерге алғыс білдіреміз, – деді Мирослав Енча.