05 қаз, 2024 сағат 16:33

Экраннан көрінбей, елдің назарынан тыс қалып жатқаныма жүрегім ауырады — Гүлнәр Сиқымбаева


Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Сиқымбаева 63 жасында қайтыс болды. Өнер иесі көпшілікке "Мен саған өкпелемеймін" әнімен танылды. Кейінгі берген сұхбаттарында өнерге өкпелемейтінін, алайда концерттерге шақырылмай қалғанына налып жүргенін жиі айтқан екен... 

Балалық шағы туралы

Анам Сындар 39 жасында қайтыс болды. Кеңшарда сауыншы болып жұмыс істеген аяулы анамның ән салғанын бір-ақ мәрте естіппін. Сол дауыс мәңгілікке құлағымда қалып қойды. Бәлкім, анама деген ыстық сағынышым, іштегі мұңым, шерім болар, анамды ойласам, сол ән салған сәті көз алдыма келеді. Жағымды үні құлағыма естіледі. Әншілік жолды таңдауыма осы жайт та көп әсер етті ғой деймін.

Экраннан неге көрінбей кеткені туралы

Соңғы он жылдан бері Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде сабақ беріп жүрмін. Аға оқытушы деген дәрежем бар. Вокалдан сабақ беремін. Қазір әнші болу біздің кезіміздегідей қиын емес. Экраннан көрінбей, елдің назарынан тыс қалып жатқаныма жүрегім ауырады. Бір-екі мәрте ізденіп көрдім. "Кейінірек хабарласыңыз" деген сыңайдағы жауаптардан кейін жүрегім шайлығып қалды.

"Адамның өзі қартайса да, көңілі қартаймайды" деген сөздің неге айтылғанын енді түсініп жүрмін. Алайда өзімді сахнадан кететін жасқа жеттім деп ойламаймын, керісінше, нағыз өнерімді паш етер шағым туды деп есептеймін. Өнерге ешқандай өкпем жоқ. Өнерімнің арқасында өндім-өстім, елге таныл­дым, абырой жинадым. Әйтсе де, әлі де болса маған бұл ба­ғыт­тағы жұмыстарды жандан­дырып, тыным таппау керек сияқты.

Үйде қарап отырмаймын. Ел ішіне гастрольдік сапарға шығып, жеке концерттерімді өткіземін. Біраз жыл бұрын Қытайдың кей қалаларын аралап шықтым. Арасында той-томалаққа барып тұрамын. Халқымыз аман болса, жағдайымыз жаман болмас.

Жеке өмірі туралы

Жұбайым басқа ұлттан (славян халқынан). Әкем басқа ұлт өкіліне тұрмысқа шыққаныма қатты қарсы болды. 5 жыл бойы бір-бірімізді көрмедік. Ол кісі мүлдем хабарласпады. Жалғыз енем болды. Маған картоп тазалатып, тамақ істетпейтін. Күйеуім де өзіме өте жайлы болды.

Байыр деген бір ұлым бар, ол - мұсылман. Жолдасым балаға өз тегіңді бер деді (сосын Байыр Сиқымбаев болып жазылды). Бірақ баламды сүндетке отырғызғанда күйеуім қатты ренжіген еді ("Жаратушы бір. Баланы неге қинадың?" деп). Сол ұлымнан немере сүйіп отырмын.

Денсаулығы туралы

Бiз сахнаға әдемi киiнiп, жайнап шыққанымызбен медальдың арғы бетi бар. Денсаулыққа зиянды жағы толып жатыр. Жүйке мен жүрекке аз салмақ түспейдi. Уайым, күйзелiс, шығармашылық тоқырау, басқа да жәйттер жүрегiңдi ауыртпай қоймайды. 

"Күнiне тоқсан пәле көрсең-дағы, күдер үзбе жаратқан бiр Алладан" деген ғой. Қанға бiткен қасиет пе, бәлкiм, намысқойлық шығар, қиналғанымды тiрi жанға сездiргiм келмейдi.