31 қаң, 2023 сағат 12:21

Министр Ресеймен шекаралас ауылдардың проблемасы туралы пікір білдірді

Фото: primeminister.kz

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысынан кейін Ресеймен шекаралас ауылдардың проблемасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз ол ауылдардың болашағы жоқ деп ешқашан айтқан емеспіз. Тірек ауылдар мен оған серік ауылдар іріктелген болатын. Даму әлеуеті әлдеқайда жоғары ауылдар бар, онда халықтың 90%-дан астамы тұрады. Халқының саны аз, даму әлеуеті төмен ауылдарға да көңіл бөлініп отыр. Бірақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында емес, басқа бағдарламалардың аясында. Қаражат бірінші кезекте жергілікті бюджеттерден бөлінеді. Өйткені бұл жергілікті атқарушы органдардың да жауапкершілігі. Шекарадағы ауылдарға Үкімет тарапынан да, жергілікті әкімдіктер тарапынан айрықша көңіл бөлінеді», - деді министр.

Министр шекара заставаларына жақын орналасқан ауылдар мемлекет қолдауынсыз қалмайтынын баса айтты.

«Ресеймен шекарада жатқан ауылдарға қатысты айтсақ, адам тым аз тұратын ауылдар бар. Бәлкім бұл табиғи процесс шығар – адамдар ауылдан көшіп жатыр. Бірақ іргесінде шекара бекеттері тұрған ауылдар бар. Олар үнемі қолдау көретін болады. Өйткені шекара бекеттерін қайткенде де қолдау қажет. Бұрын да айтқанмын, шекара бекеттері тұрған жердің маңайында инфрақұрылым жетілдіріледі», - деді Әлібек Қуантыров.