25 мау, 2025 сағат 13:56

Экологиялық дағдарыс: Қазақстандықтардың жауапкершілігі қандай?

Фото @wirestock

Бүгін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев экологиялық проблемалар бойынша жиі шағым түсетін өңірлер қатарында Шымкент қаласы, Ақмола облысы және Ұлытау облысы тұрғанын айтты. Оның сөзінше елімізде жиі көтерілетін мәселелер үшін арнайы боттар жұмыс істейді. Осы орайда Ult.kz тілшісі қазақстандықтар қандай экологиялық проблемаларға жиі шағымданатынын анықтап көрді.

Елімізде қоғамдық кеңістік пен қоршаған ортаның жай-күйін бақылауды ұйымдастыру шеңберінде цифрландыру технологиялары сәтті пайдаланылып жатыр. Өткен жылы іске қосылған @TazaQazBot телеграмм-чат-боты тұрғындарға экологиялық проблемалар мен абаттандыру мәселелерін тез шешуге үлесін қоса алатынын көрсетті.

«Биыл 11 мыңнан астам өтінім түсті, қазір 10 мың өтінім қаралып, орындалды. Ең жиі көтерілетін мәселелердің ішінде аумақтарды тазалау (2963) қоқысты шығару (662), көшелерді абаттандыру мен тротуарларды күтіп ұстау (607) мәселелері бар. Мысалы, Жетісу облысында әрбір алтыншы шағым әкімдікке түседі. Шағымдардың дені Шымкент қаласы, Ақмола облысы және Ұлытау облысында орындалып жатыр. Өтінімдерді қараудан негізсіз бас тарту дерегіне жеке тоқталғым келеді. Мысалы, Алматы қаласы бойынша рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері туралы 7 өтініш әкімдікпен Полиция басқармасына жолданған. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою әкімдіктердің тікелей міндеті және олардың өкілеттігі шеңберінде орындалуы тиіс», – деді Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында.


Экологтардың айтуынша, қазір Қазақстан экологиялық дағдарыстың алдында тұр. Ауаның ластануы, су ресурстарының азаюы, жердің тозуы, өндірістік қалдықтардың қордалануы  ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналып отыр. Сондықтан осы жарты тоқсандықта «Таза Қазақстан» бастамасы аясында республика бойынша 405 іс-шара өткізілген. Оның ішінде «Таза қала», «Таза аймақ», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Таза жағалаулар», «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні», «Мөлдір бұлақ», «Халықаралық құстар күні» сияқты ауқымды республикалық акциялар бар

«Қоршаған ортаны қорғау іс-шарасы аясында 342 ау жиналды, 21 бұлақ қалпына келтірілді, 1982 құс қорасы орнатылды. Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен «Таза Қазақстан» экофестивалі өтті. Көрмеде қалдықтарды қайта өңдеу жобалары, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың (ERG, ТШО, КПО, Қазақмыс) бастамалары, экостартаптар мен мектеп жобалары ұсынылды. @TazaQazBot телеграмм чат-ботына 19 мыңнан астам сұраныс келіп түссе, оның 17 834-і орындалды, 266-сы орындалып жатыр, 1 206-сы жойылды», – дейді Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов.



Фото: zakon.kz

Маманның айтуынша, азаматтарды аумақтарды тазалау, тұрмыстық қалдықтарды шығару, көшелерді абаттандыру, жол жөндеу сияқты мәселелер толғандырған. Ал өтініш қалдырғанның көбі Алматы, Түркістан облысы және Астана қаласының тұрғындары екен.

Алматы демекші, осы шаһарда қайта ашылған «Сайран» көлі қаланың ең көп келетін демалыс орындарының біріне айналып, бұл маңда қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жақсарту және құқықбұзушылықты бақылау мәселелері бірінші кезекке шықты. Сонымен қатар азаматтарды демалыс аймағына ұқыпты қарауға баулу мақсатында тұрғындармен кездесулер өткізу, ақпараттық парақшалар тарату, әлеуметтік жарнамаларды орналастыру жоспарланып отыр.

«Біз Сайран көлін тұрғындардың демалатын жері ғана емес, құқықбұзушылықтың алдын алуда үнемі назарда болатын нысан ретінде қарастырамыз. Мұндағы қауіпсіздік пен тәртіп – біздің ортақ міндетіміз. Полицейлер әкімдікпен және мердігерлермен бірлесіп, бақылауды қамтамасыз етеді, бірақ тұрғындардың өздері де қатысуы маңызды», – деді Алматы қалалық полиция департаменті.



Фото: almaty.tv

Өткен сенбіде Сайран жағасында танымал өнер және мәдениет өкілдерінің қатысуымен үлкен тазалық акциясы өткен болатын. Актерлер, әншілер, жазушылар бастаған бұл шараға еріктілер мен қарапайым қала тұрғындары да қолдау білдірді.  Іс-шараға Жұбаныш Жексенұлы, Диана Исмаил, Тахмина Әшімбекова, Қазыбек Әдікей, Димаш Дәулетов, актерлер Ұлан Нүсіпәлі, Лиза Серікова, Камалия Байтлеуова, Бақыт Тушаев, Әсет Иманғали, жазушылар Ұлықбек Есдәулет, Бигелді Ғабдуллин, Мұратхан Шоқан және Нұрдәулет Ақыш өз қолдарымен көл жағасын қоқыстан тазартуға атсалысты.

«Бұл көл – жай ғана су қоймасы емес. Бұл – қаланың айнасы. Оның маңында адамдар демалады, балалық шақтың естеліктері қалыптасады. Сондықтан осындай табиғи сұлулықты сақтау – бәрімізге ортақ жауапкершілік. Сайранды қорғау – болашақты қорғау», – деген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Сайранның Алматының көркін келтіріп тұрған нүктелердің бірі екенін атап өтті.


Белгілі театр және кино актері Бақыт Тушаев тазалық шарасына қатыса отырып, әр адамның табиғатқа деген қарым-қатынасы оның мәдени деңгейін көрсететінін айтты.

«Табиғатты қорғау тек сенбілікпен шектелмеуі керек. Бұл — күнделікті әдетке айналуы тиіс. Адамның мәдениеттілігі – оның қоқысты қайда тастағанынан-ақ білінеді. Табиғат – біздің үйіміздің жалғасы, оны таза ұстау – әрқайсымыздың парызымыз», – деді Бақыт Тушаев.


Айта кетейік, осы көктемде мемлекеттік орман қорында 225 млн ағаш отырғызылған. 2020 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін мемлекеттік орман қоры аумағында 2 миллиард ағаш отырғызуды тапсырған болатын. Орман иеленушілердің мүмкіндігін және көшет отырғызу материалдарының болуын ескере отырып, мерзім 2027 жылға дейін ұзартылған.

Ақбота Мұсабекқызы