17 там, 2020 сағат 12:40

Экология министрлігі «Қазақалтын» кәсіпорындарында бірқатар заңбұзушылықты анықтады

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тұрғындардың шағымы бойынша Ақмола облысы Степногорск қаласының іргесіндегі Бестөбе және Ақсу кеніштерінде алтын өндірумен айналысатын компаниялар тобын тексеріп, бірқатар заңбұзушылық анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомоствоның Telegram-каналына сілтеме жасап.

Бұған дейін ауыл тұрғындары лас ауамен тыныстап, шаңның ортасында қалып отырғандарын айтып, Бестөбе және Ақсу кеніштерінің жұмысына шағымданған болатын. Тексеру барысында желді күндері Бестөбе, Ақсу және Заводское ауылдарын шаң басатыны расталды. 

Сондай-ақ, ауыл іргесінде министрліктің мемлекеттік экологиялық қорытындысыз қалдықтарды сақтау орны мен фабрика құрылысының басталғаны анықталды. Тұрғындардың сөзінше, «Қазақалтын» компаниялар тобына қарасты «Аqsu technology» компаниясы бұл екі нысанды тұрғындардың келісімінсіз салып алған.

Ал алтын өндіруші компания өкілдері мұндай қадамға қалдықтарды сақтайтын орын қалмағандықтан барғандарын айтуда. Қазір министрлік өкілдері құрылыс жұмыстарын тоқтатып, кәсіпорынды жауапкершілікке тартты.

ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және қадағалау комитетінің өкілдері компания басшыларына шұғыл арада қоғамдық тыңдау өткізіп, халықтың келісімін алуды талап етті. Егер жергілікті тұрғындар кеніштің жұмыс істеуіне келіспесе, мемлекеттік экологиялық қорытындының оң нәтижесі берілмейтінін ескертті.

Экологиялық реттеу және қадағалау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов «компания қайтадан қоғамдық тыңдау өткізіп, халықтың келісімін алып, тиісті құжаттарын заңдастырғанда ғана құрылысын жалғастыра алады», - деп мәлімдеді.

Өз кезегінде алтын өндіруші компания өкілдері халықтың алдындағы әлеуметтік жауапкершіліктерін орындап, ескі қалдықтарды сақтау орындарын рекультивациялауға және бірінші кезекте осы ауылдың тұрғындарын жұмысқа қабылдауға әзір екендіктерін мәлімдеп отыр.