Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өзен ағынының ресурстары жайында айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Соңғы жылдары өзен ағынының нақты ресурстары жылына 90-100 текше шақырымды құрады. Оның 51-ге жуық текше шақырымы – жергілікті ағын, ал қалғаны Қытайдан, Орталық Азия елдерінен және Ресейден трансшекаралық өзендер арқылы келіп түседі. Халықтың және экономика салаларының қажеттіліктері үшін пайдаланылатын судың жалпы көлемі шамамен 25 текше шақырымды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығына – 15 текше шақырым , өнеркәсіпке – 6 текше шақырым және коммуналдық шаруашылыққа бір текше шақырым тиесілі. Ал тасымалдау кезіндегі шығындар үш текше шақырымды құрайды. Сонымен қатар, экологиялық жүйелерді қолдау үшін шамамен 50 текше шақырым қажет», - деді министр Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстан су аз цикліне кірді. 2019 жылы өзен ағысының жалпы көлемі 83 текше шақырымды құрады. Бұл орташа көп жылдық көрсеткіштен жиырма пайызға аз.
«Айта кету керек, республика бойынша пайдаланылатын судың 97% оңтүстіктегі төрт облысқа тиесілі. Республика бойынша пайдаланылған судың нақты көлемі 13,3 текше шақырымды құрады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1 км3 артық», - деді Мырзағалиев.