14 қар, 2022 сағат 14:45

Министр "АрселорМиттал Теміртауға" қандай талап қойылатынын айтты


Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2025 жылға қарай "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының зиянды шығарындыларын 20%-ке азайтуды жоспарлап отыр. Бұл туралы министр Серікқали Брекешев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Айтуынша, компания келесі жылға экологиялық рұқсат алу үшін қажетті құжаттарды министрлікке жіберген. Қазір олар қарастырылып жатыр.

"Егер "АрселорМиттал Теміртау" АҚ біз қойған талаптарға нақты ұсыныстарын айтпаса, экологиялық рұқсат ала алмайды. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Біздің басты мақсатымыз – 2025 жылға қарай "АрселорМиттал Теміртаудың" зиянды шығарындыларын 20%-ке азайту. Тиісінше, олар бізге берген құжаттарда мұны көрсету керек. Егер нақты шаралар ұсынылмаса, біз экологиялық рұқсат бермейміз", - деді Брекешев Мәжіліс кулуарында.

Айтуынша, егер компания өз бетінше жұмысты жалғастырса, заң бойынша тексеріс жүргізіліп, айыппұл салынады.

Брекешев осы сәрсенбіде Қарағанды облысының тұрғындарымен арнайы кездесу өткізетінін, жиында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының проблемасы көтерілетінін мәлімдеді.