Фото:t.me/KZgovernment
Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Екібастұздағы төтенше жағдайға әкеліп соққан ықтимал себеп туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ол Үкімет кулуарында Қазақстанда жылумен қамтамасыз етудегі тарифтік саясат ерте ме, кеш пе Екібастұздағы апат сияқты зардаптарға әкелуі мүмкін екенін айтты.
"Менің ойымша, мұның бәрі белгілі бір уақытта әлеуметтік бағыттағы тарифтік саясаттың басым болуына байланысты. Жүктеме негізінен бюджеттік ұйымдар мен заңды тұлғаларға жүктелді. Тарифті саралау осылай жүрді. Сондықтан былтыр тариф есебінен сол Екібастұзда 420 шақырымның 619 метрі ғана жөнделді. Бұл ақпарат есімде қалды. Түсінесіз бе, бұл - 0,01 пайыз. Әрине, мұндай тарифтік саясат ерте ме, кеш пе осындай салдарға әкеледі", - деді Жұманғарин.
Вице-премьер мұндай нысандарды күтіп-ұстау қымбатқа түсетінін және оларды кейінірек модернизациялау немесе қайта салудан гөрі оларды жұмыс жағдайында ұстап отыру оңайырақ екенін қосты.
Жұманғарин ел басшылығы бұл мәселеге апат болмай тұрып-ақ назар аударғанын атап өтті. Тарифтік саясаттың жаңа тәсілдерін әзірлеу соңғы кезеңде. Оның айтуынша, Екібастұздағы жылу желілерінің ұзындығы 420 шақырым болса, оның 322-сі "Орталық Азия энергетикалық корпорациясы" АҚ (ОАЭК) еншісінде. Вице-премьердің айтуынша, апат ОАЭК желілерінде болған.
Сонымен қатар, журналистер вице-министрден Екібастұздағы қазіргі жағдайды ескере отырып, ОАЭК директорлар кеңесінің төрағасы Александр Клебановтың Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені тізіміне қалай енгенін сұрады.
"Менің қызметімде, Forbes-қа қарайтын жағдайда емеспін, қазір мен әлеуметтік мәселелермен айналысамын. Егер Forbes тізімінде болса, бір жолмен капитал тапқан шығар. Мәселе ол табиғи монополия саласына инвестиция салуы керек пе деген сұрақ, егер ол жеке қаражаты болса. Бұл сұраққа жауап беру керек, өйткені табиғи монополия саласындағы нысандар оған ғана тиесілі емес. Бізде жекеменшік су желілері, станциялар, жылу желілері бар", - деп түйіндеді сөзін Жұманғарин.