11 ақп, 2021 сағат 13:30

Екі клиникалық зерттеу қорытындысы қазақстандық вакцинаның қауіпсіз екенін көрсетті – ҚР ДСМ

Клиникалық зерттеудің I/II фазаларының аралық есептерінің қорытындысы COVID-19 вирусына қарсы отандық QazCovid-in вакцинасының қауіпсіздігі мен иммундылығын көрсетті. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазіргі кезде ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері Ұлттық ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары шығарған COVID-19 вирусына қарсы инактивтелген QazCovid-in вакцинасы клиникалық зерттеудің ІІІ фазасына кіріп отыр.

Зерттеуге үш мың адам қатысуда.

QazCovid-in инактивтелген вакцинаның негізіне инактивтелген вирус және зиянсыз адъювант салынған. Сондықтан препарат вакциналық препараттардың өзге типтерімен салыстырғанда кепілді түрде қауіпсіз болып табылады.

QazCovid-in вакцинасы жануарларға (ақ тышқан, егеуқұйрық, сириялық алақоржын, қоян, күзен және маймыл) клиникаға дейінгі зерттеуден өткен. Клиникалық зерттеудің бірінші фазасы 18-50 жас аралығындағы 44 еріктіге жүргізілген, ал зерттеудің екінші фазасынан 18 және одан ересек жастағы 200 ерікті өтті.

«Клиникалық зерттеудің I/II фазаларының аралық есептерінің қорытындысы COVID-19 вирусына қарсы отандық QazCovid-in вакцинасының қауіпсіздігі мен иммундылығын көрсетті. QazCovid-In отандық вакцинасы бойынша клиникалық зерттеудің І және ІІ фазаларының аралық есебі алынды, оның қорытындысына сәйкес бұлшықет ішіне бір және екі рет енгізу кезінде жақсы төзе алушылық пен қауіпсіздік атап өтілген. Вакцинаның SARS-CoV-2 вирусына қатысты жоғары иммуногенді белсенділігі анықталған», - деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен.

Бүгінде клиникалық зерттеудің ІІІ фазасы жүргізілуде, оған түрлі жастағы 3 мың ерікті қатысуда. Клиникалық зерттеулер Алматы және Тараз қалаларының клиникалық базаларында өткізіліп жатыр. ҚР БҒМ «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» РМК QazCovid-In вакцинасына 2020 жылдың 15 желтоқсаннан бастап уақытша тіркеу куәлігін берді.

Өнеркәсіп серияларының өндірісі ағымдағы жылдың сәуір айының соңына жоспарланды.