20 мам, 2019 сағат 11:49

Египеттегі жарылыстан қазақстандық туристер жапа шеккен жоқ - СІМ

19 мамырда Египеттің Гиза қаласындағы пирамидалар жанынан өтіп бара жатқан туристік автобус маңында жарылыс болып, оннан аса адам зардап шекті. Reuters агенттігінің хабарлауынша, жапа шеккендердің көбі - туристер. Жарылғыш зат автобус сол маңнан өтіп бара жатқанда іске қосылған.

AFP агенттігі дереккөздеріне сілтеп, кем дегенде 17 адамның жапа шеккенін хабарлады. Sky News Arabia-ның жазуынша, тоғызы - Египет, жетеуі - Оңтүстік Африка Республикасының азаматтары.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі "жарылыстан жапа шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ" деп хабарлады.

Айта кетейік, былтыр жыл соңында осы маңда - Газа пирамидалар кешені жанында туристік автобус жарылып, Вьетнамның үш азаматы мен бір жергілікті гид қаза тапқан. 2011 жылы болған жаппай көтерілістер мен саяси өзгерістен соң елге келетін туристер саны күрт азайған. Бұл туризмнен біраз пайдаға кенеліп отырған Египет экономикасына кері әсер етті.