21 қар, 2019 сағат 14:46

Джу-джитсу: Мөлдір Мекенбаева Әбу-Дабиде әлем чемпионы атанды

Белгілі қазақстандық спортшы Мөлдір Мекенбаева Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Даби қаласында джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы 22 жастағы қазақстандық спортшы өзінің instagram-дағы парақшасында жазды.

«Биылғы жылы әлем чемпионаты «неваза» бөлімі бойынша Әбу-Дабиде өтті. Үш жарым жылдан соң мен сол аренада, ең беделді жарыста алтын медальға ие болдым», - деп жазды Мөлдір Мекенбаева.

Айтуынша, ол турнирдің фавориттері саналатын атақты спортшылар өнер көрсеткен мықты топқа енген.

«JJIF халықаралық джиу-джитсу федерациясының рейтингінде мен бірінші орында тұрдым, сондықтан мен алғашқы айналымнан автоматты түрде өттім. Екінші жекпе-жекте канадалық спортшымен шықтым. Оны жеңгенен кейін, 2017 жылдың чемпионымен кездесемін деп ойладым. Алайда ол швециялық спортшыдан жеңіліп қалды. Ойламаған жерден үшінші жекпе-жекте Швеция спортшысын жеңіп, финалға жолдама алдым. Онда мен ресейдің тәжірибелі спортшысымен күш сынастым. Финалда мен қылқындыру əдісін қолданып, жеңімпаз атандым», - деп жазды чемпион.

Мөлдір Мекенбаеваның айтуынша, алтынға қол жеткізу оңай емес. Ол үлкен еңбекпен, жігерді қажет етеді.

«Әлем чемпионатында Қазақстанның әнұранын шырқату үшін көп күш жұмсайсың. Мен бақыттымын. Мені Алла Тағала қолдады. Шүкір. Спортшының тұғырға шығып, қолын жүрегінің тұсына қойып, өз елінің әнұранын бірге орындау ең үлкен бақыт. Бұл кездегі сезімді сөбен айтып жеткізу мүмкін емес», - деп бөлісті өз әсерімен Мөлдір Мекенбаева.

Айта кету керек, жақында ол бразилиялық джиу-джитсудан қоңыр белбеу иегері атанған болатын.