07 қар, 2020 сағат 01:04

Джо Байден Пенсильвания штатында алға шықты

Демократтар атынан АҚШ президентігіне кандидат Джо Байден 6 қарашада Пенсильвания штатында 95 пайыз бюллетень саналған соң қазіргі президент Дональд Трамптан 5 мыңнан аса дауыспен алға шықты. Қазір бұл штатта Байден 49,5 пайыз, Трамп 49,3 пайызбен тұр. Штатта әлі бес пайыз бюллетень саналуы керек. 20 электоральды дауысқа ие Пенсильвания Байденге дауыс берсе, ол жеңіс үшін керекті 270 дауысты иеленіп, президент болып сайланады.

Қазір Байденде сайлаушылар алқасының 253 дауысы, Трампта 214 дауысы бар.

Байден 6 қараша таңертең Трамп Джорджия штатында да 1097 дауыспен алға шықты. Бұл штатта әлі бір пайыз бюллетень саналуы тиіс. Джорджия штатында 16 электоральды дауыс бар.

Байден Аризона, Невада штаттарында да алда келеді. Бірақ Аризонада алты, Невадада он пайыз бюллетень әлі саналған жоқ. Трамп Солтүстік Каролина мен Аляска штатында алда келеді.

Трамптың командасы дауыс санаумен келіспей бірнеше шағым түсіріп, бірнеше штаттағы дауыс санауды тоқтатуды талап еткен. Сарапшылар Трамптың сотқа шағымы сайлау нәтижесіне әсер етуі екіталай деп санайды.

5 қарашада Трамп жұрт алдында сөз сөйлеп, демократтар "сайлауды ұрлап алуға тырысты" деп айыптады, бірақ нақты дәлелдер келтірмеді. АҚШ-тың бірнеше телеарнасы Трамп дәлелсіз мәлімдеме жасап жатқанда эфирді үзіп тастады. Сондай-ақ Twitter мен Facebook Трамп мәлімдемесінің видеосын "даулы контент" деп белгіледі.

Ал Джо Байден америкалықтарды шыдамды болуға шақырып, сайлауда жеңетініне сенім білдірді.

Америкалықтар 3 қарашада президент сайлауында дауыс берді. Миллиондаған адам ерте сайлау кезінде пошта, факс және электронды пошта арқылы дауыс берді. АҚШ-та халық президентті тікелей сайламайды, олар әр штаттың халқының санына байланысты құрылған сайлаушылар алқасы арқылы дауыс береді. Үміткер президент болу үшін сайлаушылар алқасындағы 538 дауыстың кемінде 270-ін алуы керек.