23 жел, 2021 сағат 17:15

Джо Байден денсаулығы жараса, екінші мерзімге сайланғысы келетінін айтты


АҚШ президенті Джо Байден 2024 жылы президент сайлауына қатысқысы келетінін сәрсенбі күні ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

"Денсаулығым қазіргідей жақсы болса, өз кандидатурамды ұсынамын", – деді ABC телеарнасы тілшісінің сауалына жауап берген президент Байден.

"Егер Респубикалық партия атынан экс-президент Дональд Трамп шықса, онымен бәсекелесуге дайынсыз ба?" деген сұраққа Байден мырт етіп күлді.

"Дональд Трампқа қарсы кандидатурамды не үшін ұсынбасқа? Бұл менің сайлауға қатысу мүмкіндігімді арттырады" деді ол.

Бұған дейін экс-президент Дональд Трамп 2024 жылы сайлауға қатысуы мүмкін екенін меңзеген. 

Джо Байденнің келесі президент сайлауына түсу-түспеу мәселесі америкалық баспасөзде кең талқыланып жатыр. Бұған президент рейтингінің құлдырауы себеп болды.

79 жастағы Байден тағы бір мәрте президент сайлауына түссе, ол АҚШ тарихындағы ең жасы үлкен кандидат атанады. Кейбір мәліметке қарағанда, Байден президент қызметі үшін күрестен бас тартса, Демократиялық партия вице-президент Камала Харрис пен көлік министрі Пит Бутиджичті президенттікке кандидат ретінде ұсынуы мүмкін.

Өткен аптада Ақ үй өкілі Джо Байденнің президенттікке күресетінін айтты. Ал Камала Харрис вице-президенттікке үміткер болады. Wall Street Journal газетінің мәліметінше, Джо Байден вице-президент Харриспен 2024 жылы Ақ үй үшін бірге күресу мүмкіндігін әзірге талқыламаған.