19 ақпан күні Мюнхендегі қауіпсіздік жөніндегі дәстүрлі жиында сөйлеген АҚШ президенті Джо Байден Америка әлем аренасына, трансатлантика одағына қайта оралды деп мәлімдеді.
Ол Вашингтонның Еуропамен әріптестікті жалғастыруға мүдделі екенін айтты. "Демократия жоқ жерден өздігінен пайда болмайды және ол автократияны жеңуі тиіс" деді Байден.
АҚШ президенті өз сөзінде Ресейдің АҚШ, Еуропа мен өзге де елдердегі демократияны шайқалтуды көздейтін теріс пиғылмен қарекет жасағанын айтты. Кремль бұған дейін ондай айыптауларды терістеп келген.
Байден АҚШ-тың Еуропадағы одақтастарын Вашингтонның ұстанымын қолдауға шақырды. Ол сонмен бірге АҚШ пен Ресей арасындағы ядролық қару-жарақты қысқарту туралы келісімнің ұзартылуын оң бағалайтынын айтты.
АҚШ президенті Вашингтонның Украина жерінің тұтастығын қолдайтын ұстанымынан айнымайтынын мәлімдеді.
Мюнхендегі жиындағы өз сөзінде Байден АҚШ-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әлем елдеріне коронавирусқа қарсы вакцинаны әділетті үлестіруді көздейтін СOVAX халықаралық бағдарламасына екі миллиард доллар бөлетінін айтты. COVAX бағдарламасы кедей елдерге коронавирусқа қарсы вакцинамен жәрдем көрсету мақсатында қабылданған.
Жұма күні Джо Байден Мюнхендегі қауіпсіздік жөніндегі жиыннан басқа "Үлкен жетілік" (G7) елдерінің онлайн жиынында да сөйлеген. G7 құрамына АҚШ-пен бірге Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Франция мен Жапония енеді. Бұрын оның құрамында Ресей де болған кезде G8 деп аталатын. 2014 жылы Ресей Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алғаннан кейін өзге елдер оны бұл топтан шығарған.