Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің кезекті саммиті басталды. Шараға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон саммитке келген қонақтарды «Кохи Сомон» резиденциясы алдында қарсы алды. Осыдан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының басшысы Владимир Путин, Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев, Қырғыстан Президенті Сооронбой Жээнбеков, Беларусь басшысы Александр Лукашенко, Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев, Молдова Президенті Игорь Додон, Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян және Түрікменстан премьер-министрінің орынбасары Пурли Агамурадов залға өтіп, шағын құрамдағы отырысты бастап кетті.
«Тәжікстанның төрағалығы кезінде біраз жұмыстар атқарылды. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде жаңа құжаттар әзірленді. Бұдан бөлек, ТМД аясындағы ынтымақтастықтың барлық салаларын қамтитын шешімдер қабылданды. Айта кеткен жөн, біздің төрағалығымыз кезінде салалық кеңестердің қырыққа жуық отырыстары ұйымдастырылды. Біз экстремизмге және терроризмге қарсы күрес, есірткінің заңсыз айналымы, экономикалық қылмыстар, заңсыз көші-қон, адам саудасы сияқты бағыттарға басымдық бердік. Әсіресе, экономика саласындағы бірлескен жұмысымыз жемісті болды. ТМД аясында мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейту мәселесі де назардан тыс қалмады», - деді Э.Рахмон саммиттің ашылуында.
Бұдан әрі отырыс жабық үлгіде жалғасты.
Жоспарға сәйкес, бүгінгі Саммиттің қорытындысы бойынша 15 құжатқа қол қойылады деп күтілуде. Соның ішінде екі халықаралық келісім бар. Бұдан бөлек, ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің шешімдеріне қатысты 13 құжат рәсімделмек. Атап айтқанда, Түрікменстанның келесі жылдағы төрағалығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына дайындық шаралары, 2021 жылы Тәжікстанда «Достастықтың мәдени астаналары» атты мемлекетаралық бағдарламаны іске асыру, 2019-2023 жылдар аралығында қылмыспен күрес шараларын бірлесіп жүргізудің мемлекетаралық бағдарламасы, ТМД-ға мүше мемлекеттердің Терроризмге қарсы орталығы туралы ережені толықтыру, кеңестің кейбір шешімдерін тоқтату, ТМД-ға мүше Мемлекет басшыларының Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы мәлімдемесі, жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған бірлескен мәлімдеме және тағы басқа құжаттар бар.
Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Душанбеге кеше келген болатын. Мемлекет басшысы әуежайдан бірден «Коxи Самон» резиденциясына барып, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесті.