12 қар, 2019 сағат 15:52

Дүниежүзілік роботтар олимпиадасынан қазақстандық оқушылар қола медаль алды

Венгрияның Дьёр қаласында өткен Дүниежүзілік роботтар олимпиадасынан қазақстандық зияткерлер құрамасы үшінші орын алды. Қола медаль иегерінің бірі Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Любовь Дудченко. Ол талдықорғандық құрдастарымен бір құрамада өнер көрсетіп, шығармашылық санатында бақ сынаған болатын, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Финалға жету үшін алдымен, қалалық, сосын республикалық, одан кейін құрамаға ену кезеңдері бар. Осының барлығынан өткеннен кейін ғана әлемдік додаға аттана аласың. Бұл – үлкен еңбек. Тура осы жарысқа мен 8-ші сыныпта да қатыстым. Бірақ, соңына дейін жете алмаған едім. Ол кезде командамыз республикалық кезеңнен ІІІ орын алды. Екі жыл бұрын республика бойынша ІІІ орын алсақ, енді биыл әлем бойынша қола медаль иелендік», - деді Любовь Дудченко.

Оның айтуынша, командаластарымен құрастырған робот алғашында ойындағыдай шықпай, біраз алаңдатқан. Бірақ жарыстың масштабы, әр елдерден келген мықты бәсекелестер қазақстандық оқушылардың жігерін еселендірсе керек. Халықаралық жарыстың ақтық мәресіне әлемнің 73 елінен 424 команда қатысыпты.

«Корея, Жапония, Германиядан келген кіл мықты командалар болды. Шынымды айтсам, робот құрастыруға арналған бірінші күннің соңында қатты уайымдадық. Себебі, құрастыру барысында қиындықтар туып, қолымыздан келер ме екен, ең болмағанда үздік ондыққа енсек екен деп ойладық. Бірақ, ертесінде өзімізді жинақылап, қайтадан іске кірістік. Марапаттау салтанатында бізді, елімізді атап шақырған сәт бәрінен ерекше. Туымызды тіке ұстап, сахнаға жүгіріп шықтық. Арманым – Қазақстанды әлемге әйгілі ету. Ақырындап орындалып жатқандай», - деді Любовь Дудченко.

Дүниежүзілік роботтар олимпиадасы – 2004 жылдан бастап 10-21 жас аралығындағы оқушылар мен студенттер арасында өтетін халықаралық жарыс. Жыл сайын Олимпиадаға 2 мыңнан астам дарынды бала қатысады. Биылғы жарысқа «Ақылды қалалар» тақырыбы бекітілген. Қатысушыларға болашақтың қаласын құрудағы жаңа тұжырымдамалар, идеялар мен технологиялар ұсыну міндеттелген.