19 қар, 2020 сағат 09:25

Досаев: Инфляция 4-6 пайыз дәлізіне оралады

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев алдағы жылдардағы инфляция деңгейіне түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2020 жылы әлемдік экономиканың дамуын және жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттің параметрлерін қалыптастыру үшін Ұлттық банк ақша-кредит саясаты көрсеткіштерінің тиісті болжамын әзірледі. Біріншіден, сыртқы күтілмеген өзгерістер инфляцияның серпініне теріс әсерін тигізуде. Биылғы қазан айында инфляция жылдық мәнде 7,1 пайыз болды. Біздің бағалауымыз бойынша баға өсуінің негізгі әсері біртіндеп тежеліп, 2021-2022 жылдары инфляция 4-6 пайыз дәлізіне оралады», - деді Сенаттың жалпы отырысында. 

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамалары аясында Қазақстандағы іскерлік белсенділікті қолдау үшін Ұлттық банк жалпы сомасы 2,3 трлн теңгеге жеңілдікті кредиттеу бағдарламаларын қаржыландырады. Бұл дағдарысқа қарсы топтаманы қаржыландырудың 50 пайыздан астамын құрайды.

«2020-2021 жылдары экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде Үкімет пен Ұлттық банктің үйлестірілген іс-қимылдары Қазақстан экономикасының орнықты өсу траекториясына шығуына мүмкіндік береді. Бұл жағдайларда Қазақстан экономикасын айтарлықтай әртараптандыруға, импортқа тәуелділікті төмендетуге және жеделдетілген цифрландыруға бағытталған жүйелі және ұзақмерзімді шараларды қабылдаудың маңыздылығы артады», - деді ҰБ басшысы. 

Досаевтың сөзіне қарағанда, осы шаралар 2025 жылға қарай 3-4 пайыз деңгейіндегі тұрақты төмен инфляцияны қамтамасыз ете отырып, ақша-кредит саясатының елдің экономикалық дамуына ықпал ету әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.