Фото: point.md
21 желтоқсанда кешке Украинаның Донецк облысында "Роскосмостың" бұрынғы басшысы Дмитрий Рогозиннің туған күні тойланып жатқан дәмхана атқылауға ұшырады. Бұл жөнінде Baza және "Типичный Донецк" телеграм-арнасы хабарлады.
Ал РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, Рогозин жараланған, бірақ өміріне қауіп жоқ.
Сондай-ақ RUPTLY агенттігі жарылыстан кейінгі кадрларды жариялады. Онда кемінде бір адамның опат болғаны көрінеді.
Кей ақпаратқа қарағанда, өзін республика жариялап алған "Донецк халық республикасындағы" үкімет жетекшісі Виталий Хоценконың күзетшісі қаза тапқан болуы мүмкін. Хоценконың өзі жараланған. Baza кемінде бес адамның зардап шеккенін жазады.
"Роскосмостың" бұрынғы басшысы Дмитрий Рогозин мемлекеттік корпорацияны 2018 жылдың мамыр айынан бастап 2022 жылдың шілдесіне дейін басқарған. Күзде Рогозин "әскери операция" аймағына барып, "сарапшылар тобына" жетекшілік ететінін мәлімдеген. Топтың мақсаты "Ресей армиясы бөлімдеріне әскери-техникалық көмек көрсету" деп айтылды.
21 желтоқсанда Рогозин 59-ға толған.