АҚШ президенті Дональд Трамптың 71 жастағы інісі Роберт Трамп Нью-Йорк ауруханасында жатып қайтыс болды.
"Біртуар бауырым Роберт бүгін түнде дүниеден озды. Ол маған іні ғана болмай, дос та болды. Біз оны қатты сағынамыз, бірақ әлі де кездесетінімізге сенемін. Оның естелігі менің жүрегімде мәңгі болады. Роберт, мен сені жақсы көремін. Жатқан жерің жайлы болсын" деді Трамп 15 тамыз күнгі мәлімдемесінде.
Ақ үй президенттің бауыры ауыл хәлде жатқанын мәлімдеген соң, 14 тамыз күні Дональд Трамп Нью-Йорк ауруханасына соғып, інісінің көңілін сұрады. Өлімнің себебі айтылмады, бірақ марқұмның маусым айында бір аптадан астам ауруханада жатқаны белгілі.
АҚШ-тың 74 жастағы президенті бауырларының ішінде інісі Роберт Трамппен жақындау болған. Бірақ екеуінің мінезі екітүрлі. Дональд Трамп бір жолы інісін "маған қарағанда тыныштау әрі мінезі жеңіл" деп сипаттаған.
"Роберт кез келген адаммен тіл табыса алады. Бұл мен үшін керемет болатын, өйткені кей кездері мен жаман адамның рөліне түсіп қалатынмын" деп жазған Дональд Трамп "Келісу өнері" деп аталатын 1987 жылғы бестселлер кітабында.
Роберт Трамп 1948 жылы туған. Ол – отбасындағы бес баланың ең кішісі. Трамп отбасының кенжесі мансабын Уолл Стриттен (Нью-Йорктегі қаржы орталығы орналасқан аудан – ред.) бастаған, бірақ кейіннен Trump Organization компаниясының жоғары лауазымына ие болған.
Кейінгі жылдары Роберт Трамп көзге көп түспей, ағасының қолдаушысы болып жүрді.