АҚШ президенті Дональд Трамп Армения мен Әзербайжанды 26 қазаннан бастап күшіне енетін атысты тоқтату режимі туралы келісімге қол жеткізуімен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Трамптың Twitter-дегі ресми аккаунтына сілтеме жасап.
«Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевті бүгін түнде күшіне енетін атысты тоқтату режимін сақтауға келіскендері үшін құттықтаймын. Көптеген адамның өмірі құтқарылды. Келісім жасағаны үшін өзімнің командамды, атап айтсам мемлекеттік хатшы Майкл Пампеоны, Стивэн Бигэнді және Ақ үй жанындағы Ұлттық қауіпсіздік кеңесін мақтан етемін!» – делінген Трамптың Twitter-дегі хабарламасында.
Айта кетейік, АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті АҚШ, Армения және Әзербайжан билігі атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізгені туралы бірлескен мәлімдеме таратқан болатын. Мәлімдемеде АҚШ, Армения және Әзербайжан өкілдері 10 қазанда Мәскеуде келісілген гуманитарлық атысты тоқтату режимін орындауға және сақтауға дайын екендіктері расталғаны айтылған. Атысты тоқтату дүйсенбі, 26 қазан, жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 8-де күшіне енеді.