Дін адам құқықтарын құрметтеу үшін күресудің қуатты құралы болып саналады. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Мигель Анхель Мартинес Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл бастаманың Қазақстанда тууы кездейсоқ емес. Қазақстанда жүзден астам ұлт пен көптеген діни бірлестіктер тату тұрып жатыр. Адамзат қазір екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі тарихтың өте маңызды кезеңінде тұр. Біз барлық діндердің күш-жігерін біріктіруіміз керек және діни алуантүрлілік әлсіздік емес, күш екенін түсінуіміз керек», - дейді Мигель Анхель Мартинес.
Сонымен бірге БҰҰ Бас хатшысының орынбасары әр мәдениет пен әр дінді құрметтеу қажеттігін айтты.
«Дискриминация бәріміздің құқығымызды бұзады, бұл әрқайсымыздың толық әлеуетімізді ашуға мүмкіндік бермейді. Дін адам құқықтарын құрметтеу үшін күресудің қуатты құралы болып саналады. Қазіргі уақытта БҰҰ Өркениеттер альянсы айтарлықтай қиын жағдайда. Геосаяси ландшафттағы елеулі өзгерістер, униполярлық тенденциясы, діни және этикалық сипаттамалар бойынша бөліністер Батыс пен басқа әлем арасындағы алшақтыққа әкеп соғуда. Өркениеттер альянсы әлемнің түрлі бөліктері арасында көпірлер салуға тырысады. Қазақстан бүкіл әлемде келісім мен бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін осы жұмыстың және осы бастаманың өте маңызды бөлігі бола алады», - деді ол.