07 қаз, 2025 сағат 12:09

Димаш Құдайберген Madison Square Garden сахнасында жеке концерт берді

Фото: Dimashnews.com

Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі атақты Madison Square Garden сахнасында жеке концерт өткізді. Бұл — ТМД елдерінің ішінде осы сахнада жеке концерт қойған тұңғыш әнші, деп хабарлайды Ult.kz QAZAQSTAN арнасына сілтеме жасап.

20 мың көрерменге арналған аренаны жанкүйерлер лық толтырды. Кешке АҚШ-пен қатар, Еуропа, Азия және Латын Америкасынан келген тыңдармандар қатысты. Димаштың өнерін көруге асыққан көрермендер оның сахнаға шығуын ұзақ күткендерін айтты.

Концерт барысында Димаш қазақтың рухын танытқан ерекше бағдарламасын ұсынды. Көрермендер әншімен бірге Қазақстанның Әнұранын орындап, домбыра үнімен көмкерілген халық әндеріне сүйсіне қол соқты. Әсіресе «Тау ішінде» әні залды ерекше әсерге бөледі. Сондай-ақ Димаш тыңдарманға жаңа туындысын да таныстырды.

Димаш Құдайберген:

«Мен – Ақтөбеде туған қарапайым қазақ баласымын. Бүгін әлемдегі ең атақты Madison Square Garden сахнасында қазақ тілінде ән айтып, өз мәдениетімізді дәріптеп тұрмын. Бұған кезінде өзім де сенбес едім. Бұл — сіздердің дұғаларыңыз бен қолдауларыңыздың арқасы. Барлықтарыңызға мың алғыс!»

Кеш үш сағатқа созылды. Көрермендердің айтуынша, уақыт қалай өткенін байқамай қалған.

«Димаш сахнада барын салды. Оның дауысы мен энергиясы таңғалдырады. Біз Милуокиден арнайы келдік, келесі концертін де жібермейміз!» — деді тыңдарман Эрик.

«Ол орындаған әрбір әннің өз сыры бар. Тіпті біз де қазақша ән айтып кеттік!» — деп қосты Джонатан есімді көрермен.

Осылайша Димаштың әлемдік гастрольдік туры АҚШ-та басталды. Екі күннен кейін ол Мексикада, ал одан соң Испания, Ұлыбритания, Германия және Латвияда өнер көрсетпек.