Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген коронавирус пандемиясына қарсы күреске ән арнады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Димаштың «We Are One» (Біз біргеміз) атты жаңа әніне түсірілген бейнебаян «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі «Синьхуа жаңалықтары| Xinhua News»парақшасында жарияланды. Бейнебаянда вирустың алғашқы ошағы – Ухань қаласы – дәрігерлер, волонтерлер, маска таққан адамдар, гуманитарлық көмектің қабылдануы, дүкеннің бос қалған сөрелері көрсетілген.
Видео соңында аспандағы бұлт сейіліп, дәрігерлердің қуанышы, маскаларын шешіп тастаған балалардың мәз-мейрам кезі көрсетілген.
«Бүкіл әлем коррнавируспен күресіп, басынан қиын күндерді өткізіп жатыр. Аты жаман ауруға қарсы күш біріктіріп, бір-бірімізге қол ұшын созғанда ғана COVID-19-ды жеңе аламыз. Бұл ән алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер мен оқшауланып отырғандарға арналады», - делінген бейнебаян сипаттамасында.
«We Are One» - әнінің сөзін Gao Shang/Shang Yang, ал әуенін Dong Nan/Tang Yi жазған.
Димаш жаңа әні туралы өзінің Instagram-парақшасына әлі жарияламаса да, оның өнерін бағалаушылар бейнебаянды талқылап жатыр.
«Бұл ән қайғы, қиындық, сонымен қатар бір-бірімізге қол ұшын созған жағдайда қиындықты еңсеретінімізге сену туралы. Бастысы – оны жеңетінімізге сенім мен үмітті жоғалтпау...», - деп жазды «ВКонтакте» қолданушысы Полина Полинская Димаштың еуразиялық фан-клубының парақшасына.
Бұған дейін Димаш Құдайберген коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне алғыс айтқан болатын.
Сондай-ақ, ол жанкүйерлерінен пандемия кезінде үйде отыруды өтінді.
15 наурызда Димаш «Arnau tour» дүниежүзілік турнесін кейінге шегергені белгілі болды.
14 сәуірде ол мамыр айында Токиода өтуі керек концерттің болмайтынын айтты.