29 қаң, 2026 сағат 18:11

Диагноз бар, бақылау жоқ: ерекше балаларға арналған қызметтер неге қымбат?


Фото: inform.kz
Қазақстанда 732 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Соның шамамен 15 пайызы — балалар. Ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндердің саны артып отырған тұста, оларды емдеу, оңалту және дамытуға арналған қызметтердің қолжетімділігі мен бағасы қоғам үшін өзекті мәселеге айналып отыр. Осы ретте Ult.kz тілшісі мәселеге тереңірек үңіліп, шешілу жолы неде екенін қарастырып көрді. 

«Бір сағатта баламды сөйлетіп жібере ме?»

Анар Мұстафинованың баласына бастапқыда ЗПРР, яғни сөйлеу мен түсінігінің тежелуі диагнозы қойылған. 2022 жылдан бері ол баласын түрлі коррекциялық орталықтар мен мамандарға апарып, ем-дом іздеп жүр. Айтуынша, ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналары жиналатын чаттарға қосылып, басқа аналар ұсынған түрлі дәрігерлерге жүгініп жүр. Анар ханымның сөзінше, ЗПРР, аутизм, ДЦП сияқты диагноздармен жұмыс істейтін мамандардың қызмет құны бірізді емес әрі көбіне тым жоғары.

«Қол қусырып отырғанша, уақыт өткізіп алмайын деп неврологтарға үмітіңді арқалап барасың. Бір байқағаным, осы ЗПРР, аутизм, ДЦП сияқты балаларды қарайтын дәрігерлер қабылдауына әртүрлі баға қояды екен. Өздерін интегратив неврологпын деп айтатындардың бағасы 50 мың теңгеден басталып, шексіз жалғаса береді. Алдымен әртүрлі анализдерге жібереді, ол анализдердің өзіне 100 мың теңге айналасында ақша кетеді. Барған соң тағы 100 мың теңгеден асатын сомаға дәрі-дәрмектер жазып береді», — деген Анар Мұстафинова Ресейден келген бір дәрігердің 15 минуттық қабылдауы үшін тіпті 200 доллар алғанын айтады.


Дәрігер емдеу жоспарын Google Disk-тен оқисыз деп шығарып салған.

«Мен қатты таңғалдым. Жарайды, мен компьютерді бүге-шігесіне дейін меңгерген адаммын, ал оның тілін білмейтіндер қайтпек? Өзі миы ашып жүрген ананың одан сайын миын ашытады», —  деп отыр ол. 


Кейін әлгі маман Алматыда орталық ашып, 10 күндік интенсив емдеу курсын ұсынған. Оның құны 600 мың теңгеден 1,2 миллион теңгеге дейін жеткен.

Анар ханым мұндай бағалардың қалай қалыптасатыны түсініксіз екенін айтады.

«Әрине, бару-бармау әркімнің өз еркінде. Бірақ балаң осындай күйде жүргенде, қол қусырып отыра алмайсың, іштей «қолымнан келгенін істей алмай жатырмын», «баламнан аядым» деген ой маза бермейді. Содан қарызданып-қауғаланып, айтқан сомасына келісесің», — деді ол.


Сонымен қатар коррекциялық орталықтар мен жеке мамандардың да қызмет құны айтарлықтай қымбаттаған. Мәселен, АВА-терапия мамандарының бір сағаттық қабылдауы 25 мың теңгеден басталады. 

«Ол бір сағатта баламды сөйлетіп жібере ме? Тағы сол аспаннан алған баға», — деп кейіпкеріміз назын жеткізді.



Фото:otpannews.kz
Одан бөлек, соңғы уақытта өзін остеопат деп таныстыратын мамандар көбейген. Әлеуметтік желілерде олар аутизм, ЗПРР, ДЦП сияқты диагноздарды емдейміз деп жарнама жасайды. Алайда емдеу әдістері түсініксіз, ал қабылдау құны 20 мың теңгеден жоғары.

Сұхбаттасымыз ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін жекеменшік дәрігерлер мен коррекциялық орталықтардың баға саясатына қатысты сұрақтардың көп екенін айтады.

 «Жекеменшік дәрігерлер мен коррекциялық орталық мамандары бұл бағаны қайдан алады? Бұл неге негізделген? Мұны қадағалайтын органдар бар ма? », — деді ол.


«Мәселені шешудің жалғыз жолы — мемлекеттің бұл саладағы үлесін арттыру»

Осы мәселе төңірегінде тілшіміз Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспанның пікірін білді.

Депутаттың айтуынша, мемлекет тек өз тарапынан көрсетілетін қызметтердің ғана бағасын реттей алады. Ал жекеменшік секторда көрсетілетін қызметтерге тікелей араласуға заң жүзінде мүмкіндік жоқ.


Фото: Ашық дереккөзден

«Егер бұл мемлекеттік қызмет болса, төленетін қаражаттың шекті мөлшерін белгілеуге болады. Ал жеке сектордағы қызметтерге мемлекет баға қойып, шектеу енгізе алмайды. Мысалы, адвокаттардың гонорарын шектей алмаймыз ғой. Бұл да соған ұқсас жағдай», — деді Абзал Құспан.


Оның айтуынша, мәселені шешудің жалғыз жолы — мемлекеттің бұл саладағы үлесін арттыру. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар мен орталық уәкілетті министрліктер арқылы әлеуметтік бағдарламаларды кеңейтіп, бюджеттен бөлінетін қаражат көлемін ұлғайту қажет.

«Бұл салада мемлекеттің қатысуын күшейту керек. Бірақ ол шығынсыз жүзеге аспайды. Бюджеттің шығыс бөлігін арттыру үшін алдымен кіріс бөлігін көбейту қажет», — дейді депутат.


Абзал Құспан нарықтық экономика жағдайында кез келген кәсіптің бағасын нарық қалыптастыратынын атап өтті. Сондықтан жекеменшік мамандар мен орталықтардың табысына тікелей шектеу қою мүмкін емес.

«Оларға «мынадан артық табыс таппаңыз» деп айта алмаймыз. Нарықтың өз заңдылығы бар. Менің айтпағым — осы нарықта мемлекеттің қатысуы күшеюі тиіс», — деп түйіндеді ол. 


«Бұл мәселені көп маман терең түсіне бермейді»

Мәжіліс мінберінде мүгедектігі бар адамдардың мәселесін жиі көтеріп жүрген депутат Кенжеғұл Сейітжан бұл салада жүйелі жұмыс пен өзара үйлесімнің маңызына тоқталды.


Фото: stan.kz

Депутаттың айтуынша, ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеу тәсілдерін барлық маман бірдей толық түсіне бермейді. Сонымен қатар салалық министрліктер арасында да белгілі бір деңгейде үйлесімсіздік бар.

«Бұл мәселені көп маман терең түсіне бермейді, қалай жұмыс істеу керегін де нақты білмейді. Денсаулық сақтау министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің арасында да кейбір түсінбеушіліктер байқалады. Алайда қазір бұл жағдай біртіндеп реттеліп келеді», — деді Кенжеғұл Сейітжан.


Оның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігіне Жұлдыз Досбергенқызының келуімен аталған бағыттағы жұмыстар жанданып, жүйелеу басталған.

«Барлығы ақырындап орнына келеді деп ойлаймын. Егер ата-аналармен де, басқармалармен де бірлесіп жұмыс істесек, мәселе кезең-кезеңімен шешіледі», — дейді депутат.


Кенжеғұл Сейітжан инклюзивті білім беру мен логопедиялық қызметтердің қолжетімділігіне ерекше назар аударатынын да атап өтті.

«Әсіресе инклюзивті білім беру мен логопедтерге қатысты мәселе менің жеке бақылауымда. Сондықтан бұл бағытта алдағы уақытта оң өзгерістер болады деп сенемін», — деп түйіндеді ол.


 Ерекше қажеттілігі бар балаларды емдеу мен оңалту мәселесі — бір ғана отбасының емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бір жағынан, нарықтық қатынастар жағдайында жекеменшік сектордың баға саясатын шектеу мүмкін емес. Екінші жағынан, қымбат қызметтер ата-аналарды қаржылық және психологиялық тұрғыда тығырыққа тіреп отыр.

Депутаттар айтқандай, бұл түйткілді шешудің басты жолы — мемлекеттің салаға қатысуын күшейтіп, әлеуметтік бағдарламаларды кеңейту, инклюзивті білім мен коррекциялық қызметтердің қолжетімділігін арттыру. Сонымен қатар салалық министрліктер арасындағы үйлесімді жұмысты жолға қою, мамандардың біліктілігін арттыру және жүйелі бақылауды күшейту де аса маңызды.

Ал әзірге ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналары үшін ең ауыр салмақ — үміт пен күмәннің, жауапкершілік пен мүмкіндіктің арасындағы таңдауды жалғыз арқалау болып отыр. 


Балжан Жеңісқызы