31 шіл, 2020 сағат 15:58

Дезинфекция өкпе қабынуына ықпал ете ме: Бекшиннің жауабы

Алматы қаласының бас санитария дәрігері Жандарбек Бекшин дезинфекция құралдарының пневмония ауруын қоздырмайтынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ж. Бекшиннің айтуынша, адамдар өзін-өзі емдемек болып ауруын асқындырып алады. Кез-келген ауруды білікті маман емдегені дұрыс.

Қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің ақпаратына сәйкес, симптомсыз жүрген науқастар қауіп тудырып отыр. 

Кей жағдайда тыныс алу жолдарының шырышты қабығындағы коронавирус симптом тудырмаса да, өкпеге түсе келе қабыну тудыруы мүмкін.

«Инфекция жоғарғы тыныс жолдарынан жылжи келе өкпеге түседі. Жоғарғы тыныс жолдары таза болады да, ПТР талдауы ештеңе көрсетпейді. Ал инфекция төменгі тыныс жолдарына түсіп кетуі мүмкін», - деді Ж.Бекшин.

Оның айтуынша, бүгінде қаланың стационарлық орталықтарында 700 науқас жатыр. 

«Олар кезінде симптомсыз жүріп, кейін пневмониясы асқынған науқастар», - деді ол.

Жандарбек Бекшин дезинфекция құралдарының барлығы Қазақстанда тіркелген, ЕАЭО аумағында қолданыстағы, сертификатталған құралдар болып табылатынын айтты.

«Негізінен Глюкозамин мен Акма-Хлор 0,003% және 0,05% дозасында қолданылады. Бұл - адам ағзасы үшін қауіпсіз концентрация», - деді Бекшин.