30 мау, 2017 сағат 10:18

Депутаттар жазғы демалысқа шықты

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, алтыншы сайланған Парламент екінші сессиясын аяқтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қай кезеңде болса да еліміз үшін әрқашанда заңның орны ерекше, маңызы өте зор. Бүгін біз сол заңдарды шығаратын еліміздегі ең жоғары өкілетті орган қос палаталы Парламеттің кезекті сессиясын аяқтап отырмыз. Алтыншы шақырылған Парламенттің екінші сессиясы өте маңызды және тарихи кезеңде өтті деуге болады», - деп тоқталды ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Осыған орай ол дәстүр бойынша атқарылған жұмыстарға есеп беріп, болашақ жоспарлармен бөлісе келе, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясы қабылданғанын, ірі конституциялық реформалар жүргізілгенін еске салып өтті. Бұл тікелей халқымыздың болашағы үшін жасалған өте маңызды қадам.

«Осындай өте жауапты кезеңде Парламент депутаттары Президентіміздің екінші сессияның ашылуында алға қойған стратегиялық тапсырмаларды жүзеге асыруға белсене араласты. Екінші сессияда қос палатаның алты бірлескен отырысы, Мәжілістің  38 және Сенаттың 25 жалпы отырыстары өтті. Бұл кезеңде Парламент қарауында 111 заң жобасы болды, оның 84-і қабылданды. Олардың ішінде 15 заң жобасына біздің депутаттарымыз өздері бастамашы болды. Парламент  қабылданған 66 заңға бүгінгі күні Президент қол қойып, олар өз күшіне енді», - деді Мәжіліс төрағасы.