ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті отбасылық саясат саласына ерлер мен әйелдердің тең құқықтылығына қатысты заңнамадағы олқылықтарды жоюға бағытталған заң жобасын жұмысқа алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Отбасылық және гендерлік саясат мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына Парламенттің бір топ депутаты бастамашылық жасады. Заң жобасы отбасылық саясат саласына ерлер мен әйелдердің тең құқықтылығына қатысты заңнамадағы олқылықтарды жоюға бағытталған», - деді Мәжілістің жалпы отырысында аталған комитетінің төрағасы Бейбіт Мамыраев.
Депутаттың атап өтуінше, бірқатар заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылып отыр. Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заңға тең сараптама, жынысы бойынша статистика ұғымдарын енгізу, сондай-ақ ерлер мен әйелдердің квазимемлекеттік секторда басшылық жасауы мен басқаруға қатысуына тең мүмкіндік берілуін реттеу және басқа да түзетулер қарастырылады.
«Комитет осы заң жобасын жұмысқа қабылдап, ол бойынша 2020 жылғы 23 желтоқсанға дейінгі мерзімге қорытынды әзірлеуге дайын», - деді Бейбіт Мамыраев.
Осыдан кейін Мәжіліс депутаттары қаулы жобасын бірауыздан қолдап дауыс берді.