Фото ашық дереккөзден алынды
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мәдениет министрлігіне қарайтын Ұлттық киноны қолдау орталығының жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Депутаттың ақпаратынша, Ұлттық киноны қолдау орталығы 2023 жылғы мемлекеттік қаржылық қолдауға үміткер 153 киножобаны конкурстық іріктеуге қатыстырмай, құжаттарын қабылдамай тастаған.
"283 жобаның тек 130-ын ғана қабылдаған. Сонда 60 пайызға жуығын далада қалдырды. Бұл бұрын-соңды болмаған эксцесс! Бұған дейін Орталыққа келіп түскен киножобалардың 1-5%-і қабылданбаса, биыл жартысынан көбін негізсіз қабылдамаған. Яғни, 153 жоба жобаларды іріктейтін Сарапшылар кеңесіне жете алмай жолда қалып отыр. Егер 153 жоба өндіріске жіберілер болса, әрқайсысында кемінде 30-60 адам жұмыспен қамтылатынын ескерсек, бұл 5-10 мың адамның тағдыры", - дейді Қазыбек Иса вице-премьер Алтай Көлгінов пен мәдениет министрі Асхат Ораловқа жолдаған депутаттық сауалында.
Айтуынша, қабылданбаған жүздеген жобаның ішінде былтыр Сарапшылар кеңесі "Ең үздік сценарий" деп бағалаған режиссер Азамат Шарғынның "Шырмауық" фильмі сияқты жобалар да бар.
"Министрлік тоқтау салып, әділеттілік орнатпаса, Ұлттық киноны қолдау орталығы осылай Ұлттық киноны қорлау орталығына айналып кетпей ме? Бұл мәдениетті қолдауға баса назар аударып отырған президенттің "Әділетті Қазақстан" саясатына қарсы жасалып отырған саботаж деуге болады. Өйткені, қай жобаның деңгейі қандай екеніне бағаны құжат қабылдайтындар емес, сарапшылар кеңесі беруі керек", - деп мәлімдеді мәжілісмен.
Депутаттың айтуынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өзі шығарған ішкі ережені өзгертіп тастап, Қазақстанның үш заңын – "Бәсекелестік туралы" заң, "Кино туралы заң" және "Тіл туралы" заңды бұзып отыр.
"Егер Орталық секілді әркім өз білгенін істеп, өзінің ережесін жасап алып, заңымызды белден басып отырса, онда парламент не үшін бұл жерде заң шығарып отыр?!", - деп ашуланды Қазыбек Иса.
Бұдан бөлек, Орталықтың жауапты қызметкерлері іріктеу бойынша ешқандай хаттама жасамаған. Депутаттың пікірінше, бұл өрескел заңбұзушылық және кері қайтарылған 153 жобаның әділ шеттетілгеніне күмән туғызады.
Сондай-ақ Қазыбек Иса Киноны қолдау орталығында бірде-бір кино саласының маманы жоқ екенін айтады.
"Бұл "ауруханада бір де бір дәрігер жоқ" дегенмен бірдей сұмдық емес пе?! Фильмдеріміздің шалажансар болып, өлмелі күйде болатыны да сондықтан. Яғни, киноөндірісте кәсіби біліктілігі жоқ мамандар жұмыс істейді. Соның негізінде қателіктер мен түсініспеушілік жиі болып тұрады", - дейді ол.
Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясының депутаттары тәуелсіз жұмыс тобын құрып, Орталық өткізген іріктеу нәтижесі бойынша жобалардың құжаттарына тексеріс жүргізуді, сондай-ақ келешекте мұндай жағдайға жол бермес үшін конкурстық іріктеудің біркелкі ашық жүйесін құруды ұсынды.