25 қар, 2022 сағат 11:25

Депутат несиенің жоғары мөлшерлемесі мен ипотеканың қолжетімсіздігі туралы айтты


Сенатор Дәурен Әділбеков Қазақстанда несиенің жоғары мөлшерлемесі мен ипотеканың қолжетімсіздігі туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

"Мемлекеттік бағдарламалардың болуына қарамастан, халық үшін жеке тұрғын үй сатып алу әлі де қолжетімсіз. Мәселен, пайыздық мөлшерлеменің диапазоны "Отбасы банкіндегі" жылдық 3,5-7 пайыздан Екінші деңгейдегі банктердің коммерциялық бағдарламалары бойынша 19 пайызға дейін және одан жоғары, бұл еліміздің ипотекалық портфелінің 35 пайызынан астамын құрайды", - деді Әділбеков.

Салыстыру үшін сенатор Еуропадағы ипотекалық бағдарламаларды мысалға алды. Депутаттың айтуынша, АҚШ-та 3,6 пайыз, Аустралияда 4,9 пайыз несие қарастырылған.

"Қазақстандықтар арасында "7-20-25" бағдарламасы танымал. Алайда, сарапшылардың пікірінше, бағдарламаның қолайлы шарттары өзектілігін жоғалтқан", - деп қосты ол.

Депутаттың айтуынша, ипотекалық несиенің қолжетімділігінің жаһандық рейтингінде Қазақстан Молдова, Моңғолия, Албания, Латвия, Эстония сынды елдерден кейін әлемнің 111 елі арасында небәрі 71-орында тұр.