11 жел, 2023 сағат 13:36

Депутат нашақорлыққа қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынды

Фото: parlam.kz

Бүгін Мәжілісте есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тақырыбындағы Үкімет сағатында депутат Снежана Имашева нашақорлыққа қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды Kazinform.

«Елімізде есірткіні тек қоғамдық орындарда пайдалануға тыйым салынған. 2014 жылға дейін медициналық емес мақсатта есірткіні қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік болған. Бұл ретте жыл сайын 2,5 мыңға жуық адам жауапқа тартылды. Одан кейін жауапкершілік Қылмыстық кодекске ауысты, бірақ есірткіге тыйым салу тек қоғамдық орындарға ғана тарады. Нәтижесінде, биыл медициналық емес мақсатта есірткі егіп алғандарға қатысты 89 оқиға тіркелсе, оның 30-ы ғана сотқа жолданған. Дегенмен, статистика бойынша елде есірткіге тәуелділік азайғаны байқалмай отыр. Керісінше, «қоғамдық орын» деген уәжге байланысты есірткіге тәуелділер «мен есірткіні үйде ғана пайдаланып жүрмін, бұл заңды!» деген бір сөзбен жауапкершіліктен оңай құтылады. Сонымен қатар, биыл есірткіні медициналық емес мақсатта алған 370 мыңға жуық факті анықталды», - деді Имашева.

Оның айтуынша, қазір Мәжілісте «есірткі және психотропты заттарды медициналық емес қолдануды» әкімшілік құзіретке қайта беруді ұсынатын заң жобасы қаралып отыр.

«Бұл жерде депутаттардың пікірі екіге жарылып, кейбірі әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсынса, екінші бөлігі бәрін сол күйінде қалдыру керек екенін айтып жатыр. Заңнама комитеті қолданыстағы қылмыстық жауапкершілікпен қатар, әкімшілік жазаны да енгізуді ұсынды. Осы ретте, қоғамдық орындарда есірткіні медициналық емес мақсатта қолдану қылмыстық заңмен, ал қалған жағдайда (үйде, көлікте, клубта) әкімшілік тәртіпте жазаланатын болады. Жалпы, осы қадамдар есірткіні медициналық емес мақсатта пайдалануға толық тыйым салуды қамтамасыз етеді», - деді депутат.