ҚР Парламент Сенатының депутаты Дарxан Кәлетаевтың айтуынша, Қазақстанның модернизациясын іске асыру аясында Тұңғыш Президенттің көшбасшылық қасиетін әлі де аша түсу керек. Ал «Елбасы» терминін саяси сөздікке енгізуге әбден болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Шыны керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазылған кітаптар баршылық. Алайда Президентіміздің батыл реформаларды іске асыру саласындағы көшбасшылық қасиеті толығымен ашылған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары нақты екі басымдыққа негізделген. Ол - инновациялық бағдар мен эволюциялық қозғалыс. Дәл осы екі элемент Қазақстанның жаңғыру моделін табысты түрде іске асыруға кепіл болды. Ал Мемлекет басшысының прагматизмі нақты мақсаттарды орындауға жетеледі», - деп атап айтты сенатор Дархан Кәлетаев ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған xалықаралық парламенттік конференцияда.
Депутаттың айтуынша, КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстанды жедел модерниациялауға тура келді. Бұрынғы жүйе тиімсіз болып қалды. Бәрін жаңадан бастау керек еді. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бір жағынан шетелдік теxнологиялар жеткізілсе, екінші жағынан бұрынғы кеңестік мамандар жаңғырту шараларына жұмылдырылды. Мемлекет басшысы соның бәрін шебер ұйымдастыра білді.
«Бұл - жаңа қоғамды құрудың әмбебап үлгісі. Оны ғылыми тұрғыда жан-жақты зерделеу керек. Бәлкім, аталған тәжірибе саяси ғылымдарға «Назарбаев моделі» болып енеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын біз бірқатар қоғам қайраткерлерімен бірге «Елбасы» атты мәртебені енгізуді ұсындық. Негізі, осының өзі елімізде әмбебап қоғамдық-саяси институттың қалыптасқанын көрсетсе керек. Себебі ол «Елбасы» - Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі ғана емес, ұлттық жаңғырту жобасының басты факторы. Меніңше, Қазақстанның саяси сөздігіне «Елбасы» терминін енгізу керек. Оны ұлттық жаңғыртуға негіз болған әмбебап саяси институт ретінде қарастырған жөн», - деп атап көрсетті депутат Кәлетаев.