29 нау, 2018 сағат 10:13

Депутат ең төменгі жалақысы бізден 7 есе көп бұрынғы кеңес елін мысал етті

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы еңбек министрлігі мен үкімет еліміздегі ең төменгі жалақыны өсірудің жолдарын қарастыру керек деп есептейді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін сенат отырысында депутат еліміздегі ең төменгі жалақы деңгейі мен төменгі айлық есептік көрсеткіш мәселесін сөз етті.

"Қазір еліміздегі ең төменгі жалақы - 28 284 теңге. Салыстырмалы түрде алсақ, Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін Ресейде ол 55 мың теңге, Беларусьте 51 мың теңге, Арменияда 37 400 теңге. Ал бұрынғы кеңестер одағының құрамына кірген елдерге қарасақ, Украинада 35 мың теңге, Молдовияда 48 мың теңге, Литва, Эстонияда 198 мың теңгені құрайды", — деп өзге елдерді мысал етті сенатор. 

Оның пікірінше, осы мәселеге тікелей жауап беретін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен үкімет төменгі жалақыны өсірудің жолдарын қарастыру керек. 

"Бұл миллиондаған азаматтың әл-ауқатының жақсаруына тікелей әсер етеді және мұндай қадамға баруға үкіметтің мүмкіндігі толық жетеді деп есептеймін", — деп түйді сөзін депутат.