Фото: Самұрық
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова V-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дейін "Тоғызқұмалақ" ойынының атауын Түркі халықтарына ортақ нұсқамен «Тоғызат» деп ауыстыруды ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".
"Тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны түркі халықтарының ортақ игілігі, тарихи құндылығы мен ақыл-ой мәдениетінің көрсеткіші әрі ортақ жәдігері болып табылады. Бұл ойын соңғы жылдары дамудың барынша жоғары сатысына көтерілгенмен, әлемдік ауқымда барынша орнығуға кейбір кедергілер бар. Соның бірі – тоғызқұмалақ спортының атауы.
Бүгінде бұл ойынды негізінен қазақ және қырғыз халықтары бәсекелесе дамытып отырғанына орай, ойынның негізгі екі атауы орнығып отыр: қазақша – тоғызқұмалақ, қырғызша – тоғызкөргөл, ішінара түрікше - мангала/гечюрме аталады. Қазақстан тарапы халықаралық жарыс өткізгенде, ойынның аты «тоғызқұмалақ» аталады да, Қырғызстан жағы жарыс ұйымдастырғанда, бұл ойын «тоғызкөргөл» болып шыға келеді. Осылайша, түркі халықтарының бір ойыны әлемдік аренада екі түрлі аталып келеді.
Ғалымдар мен зерттеушілердің пікірі бойынша, бұл ойынның жалпытүркілік атауы бар, ол – Тоғызат. Бұл туралы этнограф Г.Загряжскийдің жасаған еңбегі арқылы ойынның атауы XIX-ғасырда «Тоғызат» аталғаны мәлім болып отыр. Осылайша, тоғызқұмалақтың бұрынғы атауы «Тоғызат» екендігін білдіретін Қарақалпақ және Қырғыз елдеріннің ойындарының атауына кездестіруге болады. Осы деректерді ескере отырып, алдағы V-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дейін жалпытүркілік бұл зияткерлік спорттың атауын ортақ нұсқамен «Тоғызат» атауын қалыптастыру шараларын қолға алуды ұсынамыз", -дейді депутат.
Гүлдара Нұрымова Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының, Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының қатысуымен біріккен шешім қабылдаған дұрыс болатынын айтып отыр.
Ол өзінің депутаттық сауалын Туризм және спорт министрі Е.Б. Маржықпаевқа жолдады.