04 қар, 2021 сағат 11:55

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанға Pfizer вакцинасы келесі аптада жететінін айтты


Pfizer компаниясы Қазақстанға коронавирусқа қарсы вакцинасын 14 қарашаға дейін жеткізуге уәде берді. Бұл жөнінде бейсенбі күні журналистерге Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов хабарлады. 

"Pfizer вакцинасы 8-14 қараша аралығында жеткізілуі тиіс" деді Шоранов. Оның сөзінен Vlast сайты үзінді келтіреді.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, екпе Қазақстан мен Pfizer арасында жасалған келісімге сай тасымалданады. Елге 4 млн вакцина жеткізілмек. Ол 2 млн адамға екпе егуге жетеді.

6 қазан күні Денсаулық сақтау министрі коронавирусқа қарсы Pfizer екпесінің 4 миллион дозасын елге жеткізу бойынша келісім жасалғанын хабарлаған еді. Германиялық ғалымдар ойлап тауып, АҚШ-та шығарылатын бұл екпенің тиімділігі 95 пайыздан асады. Pfizer - ДДСҰ мен Еуропа алғаш мойындаған вакциналардың бірі.

Қазақстанда бұл вакцина бірінші кезекте 12-17 жастағы жасөспірімдерге және жүкті әйелдерге салынады.