18 қар, 2022 сағат 15:14

Денесінің 80 пайызы күйіп қалған өрт сөндірушінің жағдайы айтылды


Асқар Забикулин 16 қарашада Момышұлы даңғылындағы көпқабатты үйден шыққан өрт кезінде 80 жастағы әже мен оның 22 жастағы немересін құтқарды. Бүгін оны емдеп жатқан дәрігер Павел Кутиков өрт сөндіруші өте ауыр халде жатқанын айтты, - деп хабарлайды Azattyq Ruhy сайты.

«Бірден айтайын, науқастың жағдайы өте ауыр. Өйткені, денесінің 80 пайызы күйген. Беті сау, ішінің терісі сау, аяғы күймеген. Саны күйген. Өрт сөндіруші жанып жатқан пәтерге кіргенде маска тақты ма, жоқ па, білмеймін, бірақ маған жеткен ақпаратқа сәйкес, ол адамдарды құтқару үшін шешінген дейді. Жалындаған оттың ішінде оның тыныс алу жолына ыстық ауа түскен. Яғни былайша айтсақ, денесінің сыртын күйдірген от оның аузын, тамағын, тыныс алу жолын, өңешін, өкпесін күйдірген», - дейді дәрігер.

Қазір оның өкпесі демалсын деп дәрігерлер жасанды тыныс алу аппаратына қосқан. Ағзасы аппаратқа қарсылық танытпасын деп дәрімен ұйықтатып қойған.

Естеріңізге сала кетейік, 16 қарашада Астана қаласы Момышұлы даңғылындағы көпқабатты үйдің 11-қабатында үш бөлмелі пәтер отқа оранған.