Бейсенбі күні АҚШ сенатында айыптау тарабы бұрынғы президент Дональд Трампқа қарсы аргументтердің барлығын баяндап болды. Жұма және сенбі күндері қорғау тарабы сөйлейді деп хабарлады "Америка дауысы" сайты.
Өкілдер палатасы қаңтар айында өкілетінің аяқталуына бір апта қалғанда Трампқа импичмент жариялаған. Оны 6 қаңтар күні жақтастарын Капитолийге шабуыл жасауға итермеледі деп айыптаған.
Импичмент ісі бойынша талқылауға айыптау тарабы ретінде қатысып жатқан өкілдер палатасындағы демократтар үш апта бойы Трамптың сөзі Капитолийге шабуыл жасауға түрткі болды деген тұжырымды дәлелдеуге тырысты.
Конгреске Калифорния штатынан сайланған Дайана Дегетт 6 қаңтар күні Трамп сөзі мен конгресс ғимаратына шабуыл жасағандардың көтерген ұрандары арасында ұқсастық барын атап өтті. Бұдан бөлек, оның сөзіне қарағанда, шабуылдаушылардың кейбірі президенттің шақыруымен Капитолийге келгенін айтқан. Дегетт дәлел ретінде 6 қаңтар күнгі видеожазбаларды көрсеткен. Оның айтуынша, оқиғаға қатысушылар "президент бұйрығын орындап отырғандықтан" жазаланбаймыз деп ойлаған.
6 қаңтар күнгі оқиғаның салдарына тоқталған Дегетт оқиға елдің халықаралық беделіне де зиян келтірді деп мәлімдеді. Ресейдің ресми шенеуніктерінің айтқандарынан да үзінді келтірді.
Тағы бір конгрессмен Тед Лью Трамптың конгреске шабуылды бірде-бір рет айыптамағанын, тіпті оларға бағытталған үндеуінде шабуылдаушыларды қолдаған сарын аңғарылатынын да алға тартты.
Айыптау тарабы сонымен бірге шабуыл кезінде вице-президент, өкілдер палатасының спикері мен өзге де мемлекет басшыларының өміріне тікелей қауіп төнгенін айтты. Атап айтқанда, сенатта көрсетілген кадрлардан бір топ демонстранттардың вице-президентті іздеп жүргені және Майк Пенстің отбасымен бірге олардан небәрі 30 метр қашықта болғанын көруге болады.
Ал Трампты қорғау тарабы президент Капитолийдегі шабуылға жауап бермейді, себебі ол жақтастарын штурм жасауға тікелей шақырмады дейді.
Егер Трамп кінәлі болып шықса да, оған қызметінен кету қаупі төнбейді: себебі 20 қаңтарда өкілеті аяқталған Трамп сол күні қызметінен кеткен. Ал демократтар оның болашақта сайлауға түсуіне жол бергісі келмейді. Айыптау қорытынды шығу үшін сенаторлардың үштен екісінің дауысы керек. Бірақ сарапшылар бұлай болуы екіталай дейді.